Өңірлік экологиялық саммит аясында Астанада «Волонтерлік және экологиялық іс-қимыл» панельдік сессиясы өтті.
Жиын Президент бастамасымен Біріккен ұлттар ұйымы жариялаған Халықаралық еріктілер жылына орайластырылған. Сессия жұмысына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 100-ден астам ерікті мен азаматтық қоғам көшбасшылары жиналды. Мемлекет басшысы сессияға қатысушыларға құттықтау жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева оқыды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда эковолонтерлер қозғалысы кең қанат жайып келеді. Ортақ іске 100 мыңнан астам жасампаз әрі отаншыл азаматымыз атсалысып жүр. Елімізде озық экологиялық ойлау мәдениетін дамытатын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жақында жалпыхалықтық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясында табиғатты аялау және волонтерлік қызмет қоғам дамуының негізгі ұстанымдарының бірі ретінде көрсетілді. Қазақстан климатқа қатысты өзекті мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмысты жалғастыра береді. Биыл елімізде Ақтаудағы Каспий аймағы мен Қызылордадағы Арал маңы аумағының табиғатын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық волонтерлік апталықтар өтеді. Сіздерді өзара көмек, тілектестік және жауапкершілік мәдениетін орнықтыратын осы аса маңызды бастамаларға белсене атсалысуға шақырамын.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы волонтерлікті қолдау шараларына жеке тоқталды. Атап айтқанда, үш жылдық жол картасы аясында жүйелі жұмыс іске асырылып жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар «волонтерлік қызмет туралы» заң бар. Премьер-министрдің орынбасары Президенттің тапсырмасы бойынша экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. Бүгінде эко-қозғалысқа еліміздің 100 мыңнан астам азаматы қатысады. Өткен жылы мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 10 мың тонна қалдық жиналып, 2 млн-ға жуық ағаш егілді. Соңғы 5 жылда 10 мың еріктінің қатысуымен Арал теңізінің құрғақ түбінде 1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Панельдік сессияда экологиялық волонтерлікті дамыту бойынша Орталық Азия елдерінің қарары қабылданды. Құжатты БҰҰ Штаб-пәтеріне жіберу жоспарланған.
Беркели Атаев, Түрікменстан табиғатты қорғау қоғамының өкілі:
- Қазақстан Үкіметі мен бауырлас қазақ еліне қонақжайлылық үшін алғысымды білдіремін. Волонтерлік қоғамға жақсылық әкелетін қозғалыс. Түрікменстанда бөлек волонтерлік мекеме жоқ, бірақ бізде әрбір қоғамдық мекемеде еріктілер бар. Соның ішінде эко-волонтерлер. Олар Түрікменстанның ерекше қорғалатын табиғи ауматарында қалдықтарды жинап, ағаш егумен айналысады. Көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Бүгінгі сессия Түрікменстанда эко-волонтерлер қозғалысын қалыптастыруға түрткі болады деп ойлаймын. Бұл өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға сеп болмақ.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экологиялық саммит #Орталық АзияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz