RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекеттік кеңесші «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

25.04.2026, 17:25 37

Бүгін еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерімен, «Жастар рухы» белсенділерімен және «Үміт көпірі» еріктілерімен бірге ағаш отырғызды. Мемлекеттік кеңесші жастармен әңгімелесіп, «Таза Қазақстан» құндылықтары жаңа Конституция қағидаттарымен толық үндесетінін айтты. Әрі ол Конституцияның преамбуласында табиғатты аялау қажеттілігі нақты көрсетілгендігін жеткізді. Ал жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету Ата заңның 3-бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары ретінде бекітілген. Жасампаз патриотизмнің жарқын көрінісінің бірі еріктілер қызметі. Волонтерлік қызметті қолдау да алғаш рет конституциялық деңгейде қамтылғанын атап өткен дұрыс. Бұл туралы Негізгі заңның 31-бабында нақты жазылған. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы қазіргі таңда аталған негізгі конституциялық қағидаттарды іске асырудың идеологиялық әрі тәжірибелік алаңына айналды, деді Ерлан Қарин. Жалпы «Таза Қазақстан» жобасы аясында былтырдың өзінде республика бойынша шамамен 1200 экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оған 800 мың ерікті қатысты. Жалпы 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылып, 4 миллион ағаш отырғызылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz