RU
Толық нұсқаға өту

Қ. Тоқаев Израиль президентімен келіссөз жүргізді

27.04.2026, 22:56 35

Қазақстан мен Израиль жасанды интеллект саласын бірлесе дамытуға ниетті. Бүгін Астанаға Израиль президенті Ицхак Герцог ресми сапармен келді. 

Делегациясы құрамында жоғары технологиялар саласындағы ықпалды мамандар бар. Осылайша, елімізге заманауи технологиялардың кілтін алу мүмкіндігі туды. Ал меймандар тауар айналымын арттырып, тікелей әуе қатынасын ашқысы келеді. 

Ицхак Герцог сапарының негізгі үш бағыты бар. Су, цифрландыру және инвестиция.

Израиль алып айдыны болмаса да тіршілік көзінен тарығып отырған жоқ. Өйткені су үнемдеудің сырын ашты. Бұл біздің шаруалар үшін таптырмас тәжірибе. Оған қоса технологияға тіл бітіріп, инновацияның игілігін көріп отыр. Қомақты қаржысы да бар әлеуетті инвестор. Талқыға арқау болатын басты тақырыптар − осы.

Алайда делегация құрамы мен көлеміне қарап келіссөздің көкжиегі әлдеқайда кең болатынын аңғаруға болады.

Саясаткерлер ресми рәсімді аяқтаған соң шағын құрамдағы келіссөзге кірісті. Президент еліміздің Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қадам Таяу Шығыс елдерінің тұрақтылығына Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек.

Израиль сан саланы ұршықша иіріп отырған білікті мамандарымен де танымал. Сол халықтың қаймақтарын Ицхак Герцог өзімен ерте келіпті. Арасында жасанды интелект пен киберқауіпсіздіктегі теңдесіз қос маман бар.

Иерусалимде қатты қорғалатын бұл тұлғалар шекарадан шығып, өзге елге келуі үлкен жаңалық дейді мамандар. Демек меймандардың нақты ұсынысы бар. Ицхак Герцог те мұны ерекше атап өтті.

Ицхак Герцог, Израиль президенті:

- Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор.

Әрі қарай келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы: «Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік», - деді. Енді бұл көрсеткішті жандандыруға Ибраһим келісімдері берік негіз қалайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда «Жасанды интеллект және цифрландыру» жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін.

Ицхак Герцог те Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Екі ел арасындағы іскерлік байланыс пен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол деп, осы бағытта нақты шаралар қабылдауды ұсынды.

Ицхак Герцог, Израиль президенті:

- Біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екіжақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңейтуге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр.

Медицина саласы да келісімнен құралақан емес. Енді Израильде өндірілетін дәрілерді алу жеңілдейді. Оған қоса отандық дәрігерлер Иерусалимдегі әріптестерімен тәжірибе алмасуы жанданады. Ең маңыздысы – елге тың технология келе бастады.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Былтыр жұмысын бастаған платондық терапия. Орталық Азияда мұндай апарат жоқ. Бүкіл ТМД мемлекеттерінде үш апарат бар. Оның екеуі Ресейде. Үшіншісі, Қазақстанда орнатылып, жұмысын бастап кетті. Ми ісігіне арналған пратондық терепияның алтын стандарты деп аталатын Қазақстанда енгізілді.

Бұл ғана емес. Израиль технологиясы су, кәріз, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік салаларына да келеді. Тиісінше, осы бағыттарда серпіліс жасауға жол ашылады.

Келіссөзде саясаткерлер халықаралық ахуал жөнінде де пікір алмасты. Кейін тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға келісті. Сондай-ақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға уағдаласты.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz