Қазақстан мен Чехия энергетика және өнеркәсіп саласындағы әріптестікті күшейтпек.
Бүгін елімізге сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиш Қазақстан мұнайын ұзақ мерзімде жеткізуге мүдделі екенін мәлімдеді. Энергетика саласын дамыту стратегиясында атомға арқа сүйеп отырған Еуропалық Одақтың мүшесі біздің уранға да қызығушылық танытып отыр. Бұл жайында мәртебелі мейман Ақордада қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөз барысында жеткізді.
Андрей Бабиш. Саясат пен экономиканы қатар игерген тұлға. Үлкен саясатқа да бизнестен келген. Сыртқы сауда саласында білім алып, нарық заңдылықтарын терең меңгерген Чехия премьері бұл білімін нақты іске айналдырып келеді.
Бұл Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің Қазақстанға алғашқы сапары. Экономиканы кабинеттен емес, өндірістің өзінен түсінетін басшы бұл сапарына ерекше мән беріп отыр. Өйткені Еуразия төсінде жатқан Қазақстан – кең мүмкіндік, ресурстық әлеует пен транзиттік бағыттардың тоғысқан нүктесі. Ал Чехия – технология мен өндірістік мәдениеттің елі. Осындай жағдайда экономист Бабиш бұл байланысты жай әріптестік емес, нақты есепке құрылған өзара тиімді жүйе ретінде қарастырады. Ал чех кәсіпкерлерінен құралған делегацияның ілесіп келуі де соны аңғартады.
Негізі Андрей Бабиш қазақ жеріне сонау 90-шы жылдардың соңында келуді армандапты. Қызығушылық Қазақстанда өндіріліп жатқан сары фосфорға қатысты туындаған екен. Кәрі құрлықтық қақ ортасында тұрған Чех Республикасы үшін мұндай пайдалы қазбалар әрине қажет-ақ. Себебі бұл ел индустрияға бет бұрған, Еуропалық Одақтың жетекші мемлекеті.
Қайрат Әбдірахманов, Қазақстанның Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мысалы, Чехия өнеркәсіп болса, әлемдегі ең ірі елдердің қатарына кіреді. Соны айтсақ, жалпы ішкі өнімі өте жоғары. Олар дүниежүзіндегі рейтингтер бойынша 45-орында. Қазақстан да одан қалмай, былтырдан бері 48-орын алып отырмыз, 50 ең дамыған елдердің арасында. Өнеркәсіпті алсақ, машина жасау, сонымен қатар ең алдыңғы қатардағы технологияларды олар пайдаланады. Соған Чехияның бизнес топтары бізге өте үлкен қызығушылықпен қарайды.
Қазақстан мен Чехия арасы алшақ болғанымен, экономикалық байланыстар еш ажырамаған. Әйгілі чех хрустальдарынан бастап, шкода көліктеріне дейін - бұл ынтымақтастықтың тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Қазір қос мемлекеттің алыс берісі 700 млн доллардан асады. Тауар айналымының 98 пайызы өнеркәсіп өндірісіне тиесілі.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Чехиямен тығыз әріптестіктің жарқын бір мысалы – ол Skoda компаниясының жұмысы. Бұл жоба біздің елде 2024 жылы іске қосылған. Былтыр Қазақстан аумағында 2800 автомобиль шығарып үлгерген. Қазір біз локализация деңгейін тереңдету бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Тағы чехиялық әріптестермен ұшақ құрастыру саласында да тығыз қарым-қатынас орнату жайын талқылаудамыз. Біздің төтенше жағдайлар қызметі осы елде құрастырылған әуе кемелерін сәтті пайдаланып жүр. Енді чехиялықтар өз жерімізде сервистік орталық ашу ұсынысын тастап отырмыз.
Осы және өзге де мәселелерді қазақ басшысы мен Чехия Премьері шағын құрамда өткен келіссөз барысында талқылады. Тараптар екі ел арасындағы сауда-саттық әрі қарай да табысты дами түсетіндігіне сенім білдірді. Себебі күні кеше ғана қос мемлекеттің 200-ден астам бизнес өкілдері бас қосып, 6 келісімге қол қойған болатын. Бұл сан саланың тамырына қан жүгіртіп, жаңа көкжиектерге жол ашары анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзіңізбен бірге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Кеше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нәтижесі елдерімізге пайдалы болады деп ойлаймын. Өз тарапымнан сан қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға бар күшімді саламын.
Андрей Бабиш, Чехия Премьер-министрі:
- Қазақстан – энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр станцияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын. Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жетістіктері таңқаларлық. Екі елге ортақ дүние көп.
Айта кету керек, Чехия соңғы 20 жылда Қазақстанға 350 млн доллар көлемінде инвестиция құйған. Ал еліміз болса бүгінде мұнайды осы Чехияға экспорттайтын алғашқы үштікке кіреді. Осыдан-ақ бұл елдің Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін ұғынуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Tatra секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Қазір Ормуз бұғазындағы күрделі жағдайға байланысты Еуропа елдері отын-энергетика саласында қиындық көріп отыр. Парсы шығанағынан қажетті тауарды тасымалдау мүмкін болмай тұр. Сондықтан да Андрей Бабиш Қазақстанның қара алтынын ұзақ мерзімде тасымалдауға мүдделі екенін айтып отыр.
Андрей Бабиш, Чехия Премьер-министрі:
- Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз.
Бұдан бөлек келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кертағыны қазақ жерінде қайта жерсіндіру жобасына қолдау көрсеткені үшін чехиялық әріптестерге алғыс білдірді. Бұл бастама биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы маңызды жетістік ретінде бағаланып отыр. Ал Чехия Премьері Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдетуге күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты Чехияға сапармен келуге шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қазақстан #ЧехияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz