RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Парламент Президент туралы Конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады

08.05.2026, 11:37 78

Парламенттің бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заң жобасы жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды «24KZ».

Министрдің айтуынша, құжат 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленген. Ол Президент институтының құқықтық негіздерін жаңартып, мемлекеттік басқарудың «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын одан әрі нығайтуды көздейді.

Заң жобасында Президенттің мәртебесі, өкілеттіктері мен қызметіне қойылатын шектеулер нақтыланған. Президентті сайлау тәртібі жетілдіріліп, бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі қағидаты сақталады, сондай-ақ Президенттің саяси партиядан тыс болуы және жақын туыстарына қатысты шектеулер өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимыл тетіктері күшейтіліп, Құрылтай, Үкімет және өзге де мемлекеттік органдармен үйлестіру нормалары нақтыланған.

«Алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген. Бұл жоғары консультативтік органның мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлесімді қосылуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты Президенттің өкілеттіктерін реттейтін жеке норма енгізіледі. Президент Конституцияға сәйкес омбудсменді тағайындайды және оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді»,  - деді министр.

Сонымен қатар, алғаш рет Вице-Президент институтын енгізу көзделіп отыр, ол Президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік ету функцияларын орындайды.

Бұдан бөлек, адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау және оның жыл сайынғы есебін қарау тәртібі бекітілген. Президент актілерін қабылдау тәртібі жетілдіріліп, мемлекеттік басқарудың жеделдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған.

Заң жобасы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz