RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан–Түркия: сенімге негізделген серіктестік

13.05.2026, 19:00 33

Қазір қазақ-түрік байланысы жаңа деңгейге көтерілді.

Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынас экономикалық және стратегиялық серіктестікпен бекемделді. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс қана емес, Еуропа мен Азияны жалғайтын Орта дәліздің маңызы да арта түсті. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд АҚШ долларына жетсе, биыл алғашқы тоқсанда өсім қарқыны одан әрі үдей түсті.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Қазақстан мен Түркия. Бауырлас қос елді тарихи тамыр мен ортақ рух қана емес, өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестік те байланыстырады. Кейінгі жылдары тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде бұл байланыс тек екі жақты саудамен шектелмей, Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды логистикалық желіге айналды.

Ресми статистикаға сәйкес, былтыр Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5,4 миллиард долларға жетіп, бір жылда 8,8 пайызға өскен. Оның ішінде Қазақстан экспорты 17,7 пайызға артып, 3,9 млрд доллар болды. Импорт көлемі керісінше 9 пайызға қысқарған. Осылайша сыртқы саудада өсім байқалады. Ал осы жылдың алғашқы үш айында алыс-беріс 1,65 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес  кезеңімен салыстырғанда 38,6 %-ға көп.

Қазақстан – Түркия сауда айналымы

2024 жыл – $4,98 млрд

2025 жыл – $5,41 млрд

2026 жыл қаңтар-наурыз айлары – $1,65 млрд  

Қазақстаннан  Түркияға экспортталатын негізгі тауарлар – мыс, мұнай, алюминий және бұршақ дақылдары. Былтыр мыс экспорты 1,7 млрд долларға жуықтаса, мұнай тасымалы 1,5 млрд доллардан асты. Сонымен қатар алюминий экспорты 6,2 есеге артқан. Биыл да өсім қарқыны сақталып отыр. Жылдың алғашқы үш айында экспорт көлемі 1,33 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,2 пайызға ұлғайған.

Қазақстанның Түркияға негізгі экспорты

2025 жылы

Мыс – $1,69 млрд

Мұнай – $1,51 млрд

Алюминий – $160,6 млн

Бұршақ дақылдары – $155,2 млн

2026 жылы қаңтар-наурыз айларында

Мыс – $759,3 млн

Мұнай – $432,2 млн

Алюминий – $43,3 млн  

Әли Оғұз Дириөз, талдау орталығының сарапшысы:

- Түркия – өнеркәсібі қарқынды дамып жатқан мемлекет. Сондықтан Қазақстан секілді сенімді энергетикалық серіктеспен ынтымақтастықтың маңызы зор. Қазір Түркия импорттайтын мұнайдың шамамен 10 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Болашақта бұл көлем артуы мүмкін.

Бауырлас елдер арасында металлургия мен агросектор саласында да байланыс бекем. Өткен жылы Қазақстан Түркияға бұрын экспортталмаған бірқатар жаңа өнім түрін жеткізді. Олардың қатарында күкірт, таскөмір шайыры, күнбағыс тұқымы мен мыс қоспасы бар.

Түркияға жеткізілген жаңа өнімдер

Таскөмір шайыры – $2,3 млн

Күкірт – $1,2 млн

Мыс қоспасы – $600 мың

Күнбағыс тұқымы – $600 мың 

Жем Карадели, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор:

- Қазақстан үшін Түркия нарығы – тек экспорттық бағыт қана емес, Еуропаға шығатын маңызды қақпа. Түркия арқылы қазақстандық өнімдердің Батыс нарығына шығу  мүмкіндігі бар. Сонымен қатар екі ел энергетика, жаңартылатын энергия көздері, күн және су электр станциялары бағытында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. 

Ал Түркиядан Қазақстанға негізінен дәрі-дәрмек, шоколад өнімдері, кілем, құрылыс материалдары мен тоқыма бұйымдары жеткізіледі. Дегенмен, кейінгі жылдары Түркиядан келетін тауар көлемі біршама азайған. Сарапшылар мұны түрік компанияларының Қазақстанда өндіріс орындарын ашуымен байланыстырады.

Жем Карадели, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор:

- Кейбір  түрік компаниялары Қазақстанға тікелей инвестиция құйып, сол жақта өндіріс бастады. Бұл логистикалық шығынды азайтып, Қазақстанда жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар Түркиядағы тоқыма өндірісінің бір бөлігі басқа аймақтарға көшіріліп жатыр. Осы екі жағдай Түркиядан Қазақстанға экспортталатын тауар көлемінің азаюына әсер етті. 

Екі ел арасындағы алыс-берістің артуы логистика саласына да қан жүгірте бастады. Кейінгі бес жылда тараптар арасындағы жүк тасымалы 50 есеге дейін өсті. Қазір Түркия арқылы Қазақстанға жылына шамамен 2 жарым мыңға  жуық жүк көлігі қатынайды. Сарапшылар мұны Орта дәлізге сұраныстың артуымен байланыстырады.

Фатих Шенер,  логистика іскерлік кеңесінің төрағасы:

- Түркия мен Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы тасымал мен жеткізу тізбегінде стратегиялық маңызы бар екі негізгі әріптес. Сонымен қатар, олар түркі әлеміндегі маңызды мемлекеттердің бірі. Кейінгі жылдары Түркиядан Қазақстанға жүк тасымалы айтарлықтай артты. Мәселен, 2020 жылы Еуропадан Қазақстанға жылына шамамен 50 көлік Түркия арқылы өтсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2500 көлікке дейін өсті. Орта дәліз күшейген сайын Түркия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік те нығая түсуде.

Мамандардың айтуынша, тасымалдың 86 пайызы автокөлік арқылы жүзеге асады. Қалған бөлігі әуе және Каспий бағытына тиесілі. Сонымен қатар Баку-Тбилиси-Карс теміржолы арқылы тұрақты блок-пойыздардың іске қосылуы Орта дәліздің өткізу қабілетін арттырған.

Қазақстан мен Түркия тасымал құрылымы

86% – автокөлік

7% – әуе жолы

7% – Каспий бағыты

Дилара Беррак Тархан, сарапшы:

- Орта дәліз бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық желіге айналып келеді. Қазақстан – транзиттік хаб, ал Түркия Батысқа шығатын қақпа. Енді екі ел арасында теміржол инфрақұрылымын кеңейтіп, қызмет сапасын жақсарту көзделіп отыр. Блок-пойыздардың іске қосылуы Түркия мен Қазақстанға жаңа сауда мүмкіндіктерін ашып, Қытай-Еуропа бағытындағы логистиканы жылдамдатуға ықпал етеді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Сарапшылардың айтуынша, жаһандағы геосаяси өзгерістерге байланысты Орта дәліздің стратегиялық маңызы арта түсті. Қазақстан транзиттік әлеуетін күшейтіп, Орталық Азиядағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі ролін нығайтып келеді. Ал Түркия батыс пен шығысты байланыстыратын маңызды көпірге айналды. Мамандардың пікірінше, ендігі кезекте агроөнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол. Осылайша екі ел алдағы жылдары тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz