RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ-түрік кәсіпкерлері қандай жоба жасауға келісті?

14.05.2026, 23:00 40

Қызылордада заманауи мұнай өңдеу зауыты ашылады. Кәсіпорын жанармай мен авиакеросин өндіреді.

Ал ҚазМұнайГаз компаниясы түркиялық әріптестерімен бірге үлкен Жамбыл жобасын бірлесе жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Анкараның фармецивтикалық компаниялары Қазақстанда зауыттарын аша бастады. Соның көмегімен еліміз аймақтағы дәрі-дәрмек өндіретін орталыққа айналуы мүмкін. Сан саладағы өнеркәсіпті қамтыған Қазақстан-Түркия бизнес форумының қорытындысы жайлы тілші баяндайды.

Биліктің байланысы бекем болса, бизнестегі алыс-беріс артады. Бұл сөзді Қазақстан - Түркия бизнес форумы дәлелдеді. Жиынға 400-ге жуық кәсіпкер келген, оның 250-і түріктер. Алыстан ат терлеткен бизнесмендер нақты ұсыныстарын ала келіпті.

Форумның қорытынды отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Таиип Ердоған қатысты. Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800-ге жуық кәсіпорын бар. Олар мыңдаған жұмыс орнының ашылуына мұрындық болды. Көрсеткіш жақсы, бірақ әлеует бұдан да мол. Мемлекет басшысы сол мүмкіндікті пайдалануға осы отырыс зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын. Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет. Былтыр еліміздегі ішкі жалпы өнім көлемі 6,5 пайызға өсіп, 300 миллиард доллардан асты. Бұл ішкі нарықтың тұрақтылығы мен зор әлеуетін көрсетеді. Біз осы үрдісті күшейте түсуге ниеттіміз.

Бизнеске қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Президент осылай деп, инвесторларға жасалған қолайлы жағдайды баяндады. Түркия кәсіпкерлері Астана халықаралық қаржы орталығына көмекке жүгіне алады. Аймақтағы жетекші хаб Ыстанбұл, Лондон, Дубай және Нью-Йорк қаржы орталықтарының тәжірибесін қолдана отырып, ағылшын құқығына сәйкес жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұнда 90-ға жуық елдің 5 600-ден астам компаниясы тіркелген. Соның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жұмыс істейтін 73 түрік компаниясы бар. Бұдан бөлек, Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасының арасындағы серіктестік нығаюда. Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейте беруге мүдделі.

Бұл сөзді шетелдік компаниялар растайды. Түрік Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Қазақстанды ең қауіпсіз әрі сенімді серіктес деп атады.

Анастасия Актан, Түрік Кәсіпкерлері қауымдастығының өкілі:

- Қазақстан аумағындағы инвестициялық ахуал әрдайым қызығушылық тудырып келеді. Экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, ел өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені,жылжымайтын мүлік және сауда салаларында дамып келеді.

Осы кезге дейін жалпы құны 8 миллиард долларға жуық 142 жоба жүзеге асты. Енді серіктестіктің жаңа бағыты өнеркәсіп саласы болуға тиіс. Сондай-ақ көлік-логистиканың да әлеуеті мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады.

Түріктермен тиімді серіктестіктің үлгісін Қызылорда облысынан көруге болады. Өңірде бұған дейін 2 жоба жүзеге асты. Алғашқысы электр станциясы. Ол аймақтағы қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Ал екіншісі құны 8 млн доллар болатын медициналық орталық. Онокологиялық ауруларды ерте анықтауға көмектесетін емханада аптасына 100-ден аса адам қаралады. Сәтті жобалалардан кейін бүгінгі форумда тағы екі келісімге қол қойылды.

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- 250 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа жылыжай салу. Жақын арада инвестиция туралы келісімге қол қою құжаттарын анықтап, жер телімдерін берумен айналысамыз. Екіншісі мұнай өндіру зауыты, инвестиция көлемін айтатын болсақ 238 млн ақш доллары. Жаңа заманауи зауыт осы евро 5 тұтынушыларға отын шығарады.

Келесі бағыт фармацевтика. Түркияның Abdi İbrahim және Nobel секілді дәрі-дәрмек өндіретін ірі компаниялары шетелдегі алғашқы зауыттарын Қазақстанда ашты. YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр. Ал Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт салмақшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бұл бастамаларды толық құптаймыз. Еліміз түрік компанияларымен тығыз жұмыс істеуге және оларға қолайлы жағдай жасауға әзір. Осы жобалар Қазақстанның с және оны экспорттайтын орталық ретінде қалыптасуына зор ықпал етері анық.

Шикізат та назардан тыс қалмады. ҚазМұнайГаз түркиялық әріптестерімен мұнайды өңдіріп, өңдеуден бастап жеткізуге дейін келісімдерге қол жеткізді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің еншілес компаниямыз Қазмұнайгаз олардың компаниясымен тығыз ынтымақтастықта, яғни үлкен Жамбыл жобасы бойынша біз барлық ақпаратты түрік серіктестерімізге бердік. Енді олар бұл ұснысты қарастырып жатыр. Одан бөлек біз мұнай құбыры арқылы биыл 1,7  млн тонна мұнайды таситын боламыз.

Бизнестегі байланысты бекітуге Түркия Президенті де бейіл. Ол қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- Бүгінде Қазақстанды сыртқы сауда айналымы 145 миллиард долларға жеткен Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел ретінде білеміз. Осы өсімнің нәтижесінде Қазақ елі 2025 жылы түркі әлеміндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесімізге айналды. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Мақсатымыз – 15 миллиард долларлық межеге жету.

Бұл межеге жетудің алғашқы қадамы жасалды. Форум аясында бірнеше логистикалық келісімдерге қол қойылды. Жауаптылардың айтуынша, аталмыш құжаттар сауда айналымын арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы:

- Логистик компаниясы Ақтөбе аэропортында ірі транспорттық тасымалдау хабын салады. Сол хабтың жұмыс нәтижесінде біздің екі мемлекет арасындағы тауар айналымы өседі деп болжап отырмыз. Одан бөлек жоба сәтті жүзеге асырылса, басқа да ажропорттаға саламыз деп отыр. Бұл межеге жетудің жолдары бар. Біз жаңа айтқан инвестициялық жобалар жүзеге асатын болса түрік компаниялар саудасын офтек келісімшарттар арқылы көбейтетін болады. 

Отырыста Алатау қаласының мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа Конституцияда бұл шаһарға «қарқынды дамитын қала» құқықтық мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияның, инновация мен технологиялық бизнестің өркен жаюына зор мүмкіндік береді. Мұндай идея түрік бизнесмендерін қызықтырмай қоймасы анық.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz