RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Парламент Құрылтай туралы заңды екінші оқылымда қабылдады

20.05.2026, 11:39 107

 Парламент «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ». 

Құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген.

Жаңа заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекітеді. Онда оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидаттары, құрылымы, қалыптасу тәртібі және өкілеттіктерін жүзеге асыру тетіктері айқындалған.

Заңға сәйкес, жаңа заң шығарушы орган 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Сонымен бірге депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, депутаттық бірлестіктерді құру тәртібі, парламенттік көпшілік пен оппозиция институттары және депутаттық әдеп нормалары белгіленеді.

Сондай-ақ заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді. Бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Құжатта Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібі де нақтыланған. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерін тағайындауға қатысты консультациялар өткізу, есептерін тыңдау және өзге де бақылау тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстарына қатысты депутаттық бастамалар бойынша Үкіметтің қорытындысын үш ай ішінде ұсыну міндеті енгізіледі.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың Президентке Вице-президент, Премьер-Министр, Конституциялық Сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру өкілеттігі бекітіледі.

Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарына Жоғарғы Сот судьяларын сайлау құқығын беру ұсынылған. Заңда Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын иммунитеттен айыру тәртібіне қатысты нормалар да көзделген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz