Астана Африкаға ашылатын жаңа экономикалық қақпаға айналуы мүмкін.
Қазақстан мен Кения арасындағы бизнес форумда тараптар сауда-саттықты ұлғайтып қана қоймай, логистика, авиация, сирек металдар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында ұзақмерзімді әріптестік орнатуға уағдаласты. Ең бастысы - Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейсін ашу және Қазақстанда Кения тауарларына арналған логистикалық хаб құру мәселесі көтерілді. Бұл - Қазақстанның Африка нарығына, ал Кенияның Еуразия кеңістігіне шығуына жол ашатын стратегиялық қадам.
Қазақстан мен Кения бір-бірін 33 жыл танығанымен арадағы экономикалық байланыс айтарлықтай жоғары деңгейге шыға қоймаған. Бірақ, қос елдің ұсынар тауары мол. Оны тараптар бүгінгі бизнес форумда айтты.
Джон Мвэнда, Кения инвестициялық агенттігінің бас директоры:
- Қазір сіздер алып жатқан гүлдер Нидерланды арқылы жеткізіледі. Қазақстандық бизнесмендердің тыңайтқыштарды көптеп экспорттағанын қалаймыз. Бұл біздің фермерлер үшін тиімді болар еді.
Кения – сапалы шайдың да отаны. Былтыр Қазақстанға Африканың осы елінен 24 млн келі шай импортталды. Айтуларынша, бұл Кенияда өндірілетін өнімнің тек 10 пайызынан сәл ғана асады. Сондықтан, қара құрлық өкілдері осы бағытта мықтап жұмысқа кіріспек.
Джордж Окойо, Кения шайды дамыту агенттігінің бас басқарушысы:
- Біз жылына 350 млн келіден аса шай өндіреміз. Осы нарықта серіктестердің көп болғанын қалаймыз. Қазақстанда бірқатар келіссөз жүргіздік. Енді келер жылы шайдың экспортын 30 млн келіге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Шайды Қазақстанға ірі контейнерлермен тасып, осы жерде расфосовка дейді, қораптарға салып, дайын өнім ретінде Еуразия континентінде, Қазақстанда хаб жасасақ және соны континентке таратсақ деген ұсыныс білдіріп отыр. Біздің компаниялар оған қызығушылық танытып отыр.
Бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыруда логистика жайы маңызды рөл атқарады. Ал Еуразияның жүрегінде тұрған Қазақстан бұл мәселені тиімді шеше алады. Қазірдің өзінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы еліміздің аумағынан өтеді. Форум барысынде Президент Орта дәлізді Африканың маңызды теңіз жолдарымен жалғау ұсынысын жеткізді. Себебі Кения – 300 миллион халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге мүмкіндік беретін басты логистикалық қақпа болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Шығыс Африканың ірі көлік-логистика желісі саналатын Кениядағы Момбаса және Ламу порттарымен байланыс орнатуға әзір. Бұл айлақтар қазақстандық металл өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен тағам өнімдерінің экспортын айтарлықтай арттыруға жол ашады.
Теңізден бөлек жүкті әуе арқылы жеткізу жылдам болады. Бұл ретте еліміздің «ашық аспан» режимі әлемдік авиатасымалдаушылар үшін жақсы ынталандыру болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру міндетін қарастыруды алға тартты. Бұл бастаманы Кения басшысы да құптап отыр.
Уильям Руто, Кения Президенті:
- Іскерлік ықпалдастықты ілгерілету үшін Астана мен Найроби арасында тікелей әуе қатынасын ашудың перспективасы мол. Шығыс Африка нарығына қызығушылық танытқан қазақстандық компанияларға Момбаса мен Ламу порттары қызмет етуге әрдайым әзір. Бүгін Астанада біздің елімізден келетін тауарларға арналған логистикалық хаб салу жөнінде уағдаластық. Мен бұған қуаныштымын.
Қазақстан мен Кенияда сирек кездесетін элементтердің мол қоры бар. Оны игеру үшін әрине, озық технологиялар қажет. Бұл ретте мемлекет басшысы Африка елін геология, барлау, өндіру және өңдеу ісінде бірлесе жұмыс істеуге шақырып, өз тәжірибемізбен бөлісуге де дайын екенімізді айтты. Бұл бағытта «Самұрық Қазына» мен NAMICO компаниясы арасында инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісім де жасалған. Құжат тау-кен өндірісі секторындағы бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалап отыр. Ендігі бір әлеуетті бағыт – ол жасанды интеллект және цифрландыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан GovTech және FinTech салаларында мол тәжірибе жинады. Бұл ретте электрондық үкіметке және заманауи банк инфрақұрылымына қатысты үздік шешімдерімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар жасанды интеллект және ғарышты игеру саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бүгін қол қойылған IT, ғарыш технологиясы салаларындағы бірқатар меморандум елдеріміздің нәтижелі әрі ұзақмерзімді серіктестігіне жол ашатыны анық.
Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар елдің бірі. Биылғы өсім – 6,5 пайыз. Экономиканың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрап отыр. Елдегі тұрақты саяси ахуал мен жаңа Конституция инвесторлар құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Елде инвестицияға қолайлы жағдай жасалған. Соның бірі – шетелдік кәсіпкерлерге салықтық және миграциялық жеңілдіктер ұсынатын «Altyn Visa» бағдарламасы. Форум соңында Президент кениялық бизнестің көшбасшыларын осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Қазақстанда өз кәсіптерін жүргізуге шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қазақстан #КенияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz