Премьер-министрі Олжас Бектенов Ашхабад қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Биыл Достастыққа Түрікменстан төрағалық етіп жатыр. Отырыс басталар алдында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтік делегациялар басшыларын қабылдады. Екі жақты кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке жылы лебізін жеткізді. Кездесуде сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі $125,3 млн-ды құрады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 15%-ға өсті. Екі мемлекеттің басшылары жүктеген тауар айналымын арттыру жөніндегі міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асып келе жатқаны аталып өтті. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдерінің тау-кен металлургия кешені, көлік, радионавигация салаларын цифрлық трансформациялау, уран өндіру өндірістерінің әсеріне ұшыраған аумақтарды рекультивациялау, конгресс-көрме қызметі және тағы басқа салалардағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Тегтер #Олжас Бектенов #ТМД #үкімет #Ашхабад #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz