RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Сенат

«Судың да сұрауы бар»: Сенаттағы ең өтімді мақалдар белгілі болды

26.05.2026, 11:43 45

Журналистер, Сенат депутаттары жиі қолданатын мақал-мәтелдерді анықтап, талдау жасады, деп хабарлайды «24KZ».

Талдау нәтижесіне сәйкес, сенаторлар арасында ең жиі айтылған нақыл – «Судың да сұрауы бар» мәтелі. Бұл сөз көбіне су тапшылығы, экология және ауызсу мәселелері көтерілген кезде қолданылған.

«Судың да сұрауы бар»
Сенаторлар халық даналығын су қауіпсіздігі мәселесімен байланыстыра отырып, елдегі өзен-көлдердің ластануы мен ауызсу тапшылығына назар аударған.«Халқымыз “су тіршіліктің көзі”, “судың да сұрауы бар” деп ішетін суына ізет көрсеткен»- Амангелді Толамисов, 18 мамыр 2023 жыл

«Жетім көрсең, жебей жүр»
Бұл мақал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесін көтеру барысында айтылған. Сенаторлар бала асырап алу процесінің ұзақтығы мен бюрократиялық тосқауылдарды сынға алған.
«Жетім балаларды қамқорлығына алғысы келетін азаматтар бюрократиялық кедергілерге тап болып отыр» - Геннадий Шиповских, 20 ақпан 2025 жыл

«Ауруын жасырған өледі»
Сенат мінберінде бұл нақыл әлеуметтік проблемаларды жасырудың қауіпті екенін жеткізу үшін қолданылған. Депутаттар жасөспірімдер арасындағы жүктілік, зорлық-зомбылық, қоғамдағы жабық мәселелерді көтергенде пайдаланған. «Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе?»- Наурызбай Жүсіп, 30 қаңтар 2025 жыл

«Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер» 
Түркістан облысындағы шаруалардың мәселесін көтерген сенаторлар ауылдағы нақты ахуалды су бағасының қымбаттауы, диқаншылықтағы қиындықтарды осы мақал арқылы сипаттаған. А.Сатвалдиев. 2023 жылғы 18 мамыр 

«Екі күймек бір жанға әділет пе?» 
«Ата-анасынан бір айырылып бір күйген, еркінен тыс шетел асып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып, үш күйген» балалардың тағдыры. Д.Қыдырәлі, 2024 жылғы 18 қаңтар.

«Елу жылда ел жаңа»
Сенатор Бибігүл  Жексенбай құтқару қызметтеріндегі техникалардың жаңартылмай отырғанын сынға алып, халық мәтелін мысалға келтірген.
«Ел тұрмақ, елу жылдан бері техниканың өзін жаңарта алмай отырғанымыз өкінішті»— Б. Жексенбай, 15 маусым 2023 жыл

Талдауға түскен мәтіндерде басқа да айтылған нақылдар ұшырасады.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» — интернет-алаяқтық мәселесінің жауыр болғанын сипаттау үшін;
«Екі күймек бір жанға әділет пе?» — шетелге заңсыз әкетілген балалар тағдыры туралы;
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» — көгалдандыру мен экология тақырыбында;
«Бейбіт елде ғана береке бар» — қоғамдағы зорлық-зомбылық пен тәртіп мәселелері кезінде;
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» — әлеуметтік желідегі заңсыз жарнамалар мен қауіпті контент туралы пікірталастарда қолданылған.

Сенаторлардың сөз саптауында мақал-мәтелдердің жиі қолданылуы қазақтың дәстүрлі шешендік өнері мен ұлттық танымының парламент мәдениетінде де сақталғанын көрсетеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz