RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан-Ресей тауар айналымы 27 млрд долларға жетті

26.05.2026, 19:20 36

Қазақ-Ресей тауар айналымы 27 млрд долларға жетті. Ал биыл көрсеткіш қаңтар-ақпан айларында 4 млрд доллар.

Бұл жылдағыдан 13 пайызға көп. Арадағы алыс-беріс, әсіресе тау-кен, мұнай - газ, химия және ауылшаруашылығы салаларында қарқынды дамып жатыр. Бұл -  сенім мен нақты стратегияға құрылған әріптестіктің бір көрінісі ғана.

Ежелгі дос. Сенімді серіктес. Тамыры тереңге жайылған Қазақ- Ресей мемлекетаралық байланысы осылай сипатталса керек. Екі елдің әуелгі әріптестігі бүгін де сан салада серпінді дамып жатыр. Сөзіміз сөлді болуы үшін айталық: былтыр отандық импорттың 29 пайызын көрші мемлекет өз еншісіне жазды. Ал экспорттағы үлесі 10 пайызға жуықтады. Көрсеткіш биыл да көңіл көншітерлік. Алғашқы айларда-ақ арадағы алыс-беріс 4 млрд долларға жеткен. Бұл жылдағыдан 13 пайызға көп.

Қазақстан - Ресей

2025 ж

Импорт жалпы үлестің 29%

Экспорт жалпы үлестің 10%

Тауар айналымы: 4 млрд доллар  2026 ж қаңтар-ақпан айлары

Сағындық Көшербаев, Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:

- Агроөнеркәсіптік кешен тұрақты өсім көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзара сауда көлемі жылына 4 млрд доллардан асады. Оның басым бөлігі  астық, май, сүт және ет өнімдері. Дәл осы секілді әлеуетті бағыттардың қатарына өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистиканы ерекше айтып өтуге болады.

Стратегиялық мақсат пен ортақ бағыт-бағдарға құрылған байланыстың берері мол. Иә, қазақта: «көршіні таңдамайды» деген тәмсіл бар. Ал Ресей секілді алып державамен ымыралы ынтымақ, келелі кеңес құру Қазақстан үшін нақты мүмкіндіктерге жол ашады. Оның бірсыпырасы бүгінгі күні көрініс тауып жатыр. Қос тарап энергетика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика сынды бірқатар салмақты салалардың әлеуетін бірлесе дамытуға мүдделі.

Қазақстан мен Ресей картасы

Энергетика

 мұнай-газ

Ауыл шаруашылығы

Көлік логистика

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

- 90 жылдардан бастап әртүрлі жаңа бағыттар күн тәртібіне шығып келе жатыр. Ал Қазақстан мен Ресейдің арасындағы логистика саласы ерекше бағытқа ие. Себебі Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын құрлықтық ел. Ал Ресей тарапы үшін Қазақстан оңтүстік бағытқа теңізге шығатын қақпа десек те болады.

Сенімге селкеу түсірмеген осы серіктестік жаһандық сын-қатерлер сүзгісінен өтіп, жаңаша серпін ала түсті. Оған екі елдің 200-ден астам өңіраралық келісімдері куә. Бұл- экономикалық тұрғақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ортақ даму бағыттарын кеңесіп-келісуге негіз бола алады.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

- Толықтай барлық салада байланыс бар. Атап өтер болсақ, қорғаныс, саясат, логистика. Ол байланыстар сөз жүзінде емес, нақты құжаттармен бекітілген. Соңғы 30 жылда Қазақстан-Ресей байланысын бірнеше этаптарға бөліп қарауға болады. Десе де соңғы 10 жыл көлемінде біз көрдік. Көптеген геосаяси өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Ресей байланысы өзара тиімді фазаға өткендей. Оның бір дәлелі 2025 жылы қараша айында Мемлекет басшысының Мәскеуге сапары. Сол кезде қол қойылған құжаттар.

Расында уақыт кернеуінен бірге өткен, бір кеңістікте қанат жайған қазақ-ресей ынтымақтастығы жылдар өте шар болаттай ширығып, ұзақ мерзімді ықпалдастыққа ұласты.

Авторы: Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz