Мәжіліс отандық рейтингтік агенттіктердің жұмысын реттеуге бағытталған «Рейтингтік қызмет туралы» заңды және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ»
Жаңа заң рейтингтік қызметтің құқықтық және институционалдық негіздерін қалыптастыруды көздейді. Құжатта рейтинг берілетін тұлғалардың және кредиттік рейтингтерді пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған.
Заңға сәйкес, рейтингтік қызметтің негізгі қағидаттары, соның ішінде ашықтық, рейтинг сапасына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысын басқару және ақпарат құпиялылығы нақты айқындалады. Сонымен қатар кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне, олардың капиталына, бағалау әдістемелеріне және халықаралық агенттіктерді тану тәртібіне қатысты талаптар белгіленеді.
Түзетулерге сәйкес, кредиттік рейтинг алу ерікті болып қалады. Алайда мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін кредиттік рейтингтің болуы міндеттеледі.
Бұдан бөлек, қазақстандық рейтингтік агенттіктер үшін жарғылық капиталдың болуы талабы енгізіліп, рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған.
Сондай-ақ сұраныссыз және жария емес рейтингтерді, оның ішінде рейтингтелетін тұлғаның келісімінсіз берілетін рейтингтерді реттеу тәртібі айқындалады.
Заң аясында уәкілетті органның рейтингтік агенттіктер қызметін қадағалау және реттеу өкілеттігі кеңейтіледі. Сонымен қатар банктер мен сақтандыру ұйымдарына рейтингтік агенттіктердің капиталына инвестиция салуға мүмкіндік беріледі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Рейтинг агенттіктері #мәжіліс #заңPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz