Еуразиялық экономикалық одақ жаңа нарық географиясын кеңейтіп жатыр. Енді Одақ Туниспен еркін сауда аймағын құруды көздеп отыр.
Бұл бағытта ресми келіссөз бастау туралы шешім бүгін Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте қабылданды. Үндістан бастаған өзге де елдермен сауда байланысын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Дегенмен бүгінгі жиында басты назар тек сыртқы саудаға ғана ауған жоқ. Көшбасшылар экономиканың болашағы мен цифрлық технологиялардың дамуына айрықша мән берді. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев одаққа мүше елдерді бірлескен технологиялық жобаларды күшейтіп, жаңа цифрлық дәуірдің мүмкіндігін тиімді пайдалануға шақырды.
Еуразияның қақ ортасында орналасқан Астана тағы бір маңызды саяси-экономикалық диалогтың алаңына айналды. Бұл жолы елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Басқосуда цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп кооперациясы мен көлік дәліздері кеңінен талқыланбақ. Өйткені XXI ғасырдағы бәсеке енді тек табиғи ресурспен емес, технология мен жылдам логистика арқылы өлшенеді. Ал Еуразия құрлығы – шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын стратегиялық көпір.
Үстел басында Қазақстан, Беларусь, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясының басшылары мен Армения вице-премьері. Осындай құраммен одаққа мүше елдердің көшбасшылары әуелі шағын құрамда ортақ мәселелерді ортаға салып талқылап алды.
12 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған болатын. Бүгінде еуразиялық «бестік» 160 мл-нан астам халқы бар алып нарық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді.
Қазір одаққа үшінші елдер тарапынан да қызығушылық жоғары. Бүгінде 7 мемлекетпен еркін сауда жөнінде өзара келісім бар. Олардың қатарына енді Тунис те қосылуы мүмкін. Жиын барысында мемлекеттер басшылары осы мәселені де талқылады.
Солтүстік Африка елінің қақпасы – Тунис Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан. Зәйтүн майынан бастап, фосфат сынды пайдалы қазбаларды өндіреді. Тағы Еуропа елдеріне киім экспорттайтын тоқыма және тігін өнеркәсібі де жақсы дамыған.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Еуразиялық экономикалық одақ басқа елдерге қызық болды. Бұл үлкен жетістік деп есептеймін. Себебі жалпы айтқанда, Қазақстанды алсақ, біздің экспортымыз 2015 жылдан осы 10 жылдың ішінде жалпы 5 миллиард АҚШ долларынан 10 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Ал Еуразиялық экономикалық одақтағы мүше мемлекеттермен тауар айналымымыз 15 миллиардтан 30 миллиардқа дейін өсті. Ал Еуразиялық экономикалық одақтағы мүше мемлекеттермен тауар айналымымыз 15 миллиардтан 30 миллиардқа дейін өсті. Басқа елдермен 60 миллиардтан 113 миллиардқа дейін өсті.
Негізі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бұл жолғы отырысына 18 мәселе қарауға шығарылған. Солардың бірі – жасанды интеллект жайы. Сарапшылардың пайымынша, келешекте жаһандық экономиканы дәл осы жасанды жады алға сүйрейді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмауы тиіс. Бұл бағытта ілкімді істер де тындырылған. Қазір IT қызметтердің экспорты миллиард доллардан асады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Одаққа мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинады. Ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдерді бөлісуіміз керек. Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Тың технологиялар көлік-логистика саласындағы мәселелерді оңтайландыра алады. Қазіргі таңда одаққа мүше елдердің аумағы арқылы Азия мен Еуропаның басты транзиттік жолдары өтеді. Еуразия кеңістігіндегі бұндай дәліздердің жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асады. Оның 10 мыңы Қазақстан аумағында. Сондықтан да еліміз тас жолдар мен терминалдарды цифрландыру жұмысын мықтап қолға алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық «сөресін» жасақтауды қолға алды. Бұл – өте өзекті. Аталған үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады.
Бұл бастамалардың барлығы Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық азық-түлік нарығындағы ықпалын күшейтуге бағытталған. Қазіргі геоэкономикалық жағдайда Одақ үшін жаңа нарықтарға шығу және сыртқы сауда байланыстарын кеңейту айрықша маңызды болып отыр. Сондықтан Араб мемлекеттерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен экономикалық әріптестікті тереңдетуге басымдық беріледі. Бұл ретте Үндістанмен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөз де белсенді жүріп жатыр. Бұл - Одақтың сауда географиясын кеңейтуге деген ұмтылысын аңғартады.
Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:
- Отырыс қорытындысы бойынша Сербиямен 2019 жылы жасалған кейбір келісімдерді жаңарту туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, еркін сауда туралы келісім аясында тауарға қатысты құжаттарды рәсімдеу талаптары жеңілдетіледі. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Сербия арасында тасымалданатын тауарларды кедендік рәсімдеуді оңайландырып, сауда үдерісін жылдамдата түспек. Осылайша, Одаққа мүше мемлекеттердің үшінші елдермен ынтымақтастық мүмкіндігі кеңейе береді. Мұндай жұмыстар тұрақты жүріп жатыр.
Сондай-ақ форум аясында бірнеше меморандум мен келісімге қол қойылып, ортақ жобаларды жүзеге асыру жоспары бекітілді. Бұл құжаттар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің байланысын бекемдеп, ынтымақтастық көкжиегін кеңейте түспек. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтеді.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев және Құдайберген Аймырза
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ЕО #Тунис #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz