RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі вагондардың 90 пайызы 2030 жылға қарай жаңартылады

16.06.2026, 19:00 80

Елдегі теміржол вокзалдарында бұрын-соңды болмаған жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында 124 вокзал жаңғыртылуда.

Оның 30-ы келер айдың соңына дейін аяқталады. Жаз басталса болды үлкен сынның астында қалатын саланы ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында айтылды. Елдегі ескі вагондар мен тозығы жеткен теміржол вокзалдарынан құтылатын күннің ауылы алыс емес. Қазір 124 вокзал толықтай жөндеуден өтіп жатыр. Ал 2030 жылға қарай вагондардың 90 пайызы жаңарады.

Теміржол – экономиканың күретамыры. Елдегі жүк тасымалының жартысынан көбі шойынжол арқылы жүзеге асады. Осы бір ғана санайғақ саланың стратегиялық маңызын аңғартып тұрғандай. Министрлік теміржол тамырына одан әрі қан жүгірту үшін алдағы үш жылда мың жарым шақырымға жуық шойын жол салып, тағы мың шақырымды жаңартпақ.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:

- Олардың қатарында Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын модернизациясы жоспарланған.

Қазақстанда теміржол машинасын жасау жұмыстары да қарқын алды. Әуелде шетелден сатып алынатын вагондар мен техниканың түр-түрі өзімізде де өндірілетін болды. Жолаушылардың жағдайын жақсарту үшін инвесторлар тартылды. Аты дардай Алстом, Уэбтек, Штадлер компаниялар келді. Нәтижесінде кейбір теміржол техникасы бойынша жергілікті қамту деңгейі 40 пайызға дейін жетті.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Өткен жылы Астана қаласында жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Kazakhstan» зауыты іске қосылды. Зауыт 2030 жылға дейін «Қазақстан темір жолы»-мен 557 вагон жеткізу келісімшартына отырды. Биыл теміржол бағыттарында жолаушыларға қолайлы жаңа вагондар пайдалануға беріледі. Олар заманауи технологиялармен жабдықталған.

Үкімет отырсында локомотив паркінің мәселесі мәз болмай тұрғаны да айтылды. Соңғы үш жылда 450-ге жуығы сатып алынғанымен, әлі де тең жартысы тозып тұр.

Баяндама жасаған Қазақстан теміржолы компаниясының төрағасы транзиттік тасымалдау жоспарының кешігуіне байланысты Үкімет басшысынан ескерту естіп қалды.

«Талғат Сағиұлы, сіздің алдыңызда транзиттік тасымалдарды 55 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Алайда менде бар ақпаратқа сәйкес, бүгінде жоспарлы көрсеткіштерден 30%-ға артта қалып келесіздер. 23 млн тоннаның орнына «ҚТЖ» небәрі 16 млн тонна тасымалдаған. Бекітілген көрсеткіштердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңізде», - деді Үкімет басшысы.

Биыл аяқталатын ауқымды жобалардың қатарында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар»  жолдары бар. Қараша айында іске қосылса, транзиттік тасымал көлемін осы жылы 55 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz