RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

 «Балаларымызды мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатыр» – депутат дабыл қақты

17.06.2026, 16:27 60

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек балаларға арналған цифрлық контенттің сапасы мәселесін көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы мәдени мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен жас ұрпақтың дүниетанымына әсер ететін маңызды факторға айналған.

Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек-ақ. Әсіресе жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға және бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі ақпараттық ықпалдың ортасына түсуде, – деді Данабек Исабек.

Оның айтуынша, қазақ тіліндегі балалар контенті, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.

Осыған байланысты депутат балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту жөніндегі ұлттық стратегия қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ жазғы каникул кезінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін күшейту, балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу тетіктерін жетілдіру және қазақ тіліндегі анимациялық, білім беру және тәрбиелік жобаларды мемлекеттік қолдау көлемін арттыру қажеттігін айтты.

«Қазіргі ақпараттық заманда мемлекеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын түсінуіміз керек», – деді депутат.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz