RU
Толық нұсқаға өту

Президент Брюссельге ресми сапармен барды

22.06.2026, 23:00 43

Кәрі Құрлық қақпасын ашады. Енді Еуропаға саяхаттап бару да, тауар жеткізу де жеңілдеуі мүмкін. Тараптар арасындағы келіссөз аяқталуға жақын.

Нақты нәтиже мемлекет басшысының Бельгияға ресми сапары аясында белгілі болады. Президент борты бүгін Брюссель әуежайына қонды. Көп ұзамай ол Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы сан саланы қамтитын келіссөзге қосылады. Қандай уағдалас-тықтар болуы мүмкін? Брюссель Қасым-Жомарт Тоқаевты қалай қарсы алды?

Бельгия астанасы. Алдағы екі күн бойы мұнда Қазақстан мен Еуропалық Одақ байланысының болашағы шешіледі. Президент бортын Брюссель әуежайына салтанатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Осылайша, Президенттің ресми сапары басталды. Брюссельдегі жұмыс кестесі тығыз. Іскерлік кездесулердің көптігіне қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақтан түсе сала жергілікті қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесуге аттанды. Қазір Бельгияда бес жүзге жуық этникалық қазақ тұрады. Бірі білім алу үшін келсе, енді бірі ғылыммен не кәсіпкерлікпен айналысады. Атамекеннен алыстаса да, байланыс үзілмеді. Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ұлттық құндылықты дәріптеп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз.

Президетпен жүздескен қандастың бірі - Аружан. Ол айти саласында еңбек етеді. Қазақ мәдени орталығын ашып шетелдіктерге ана тіліміз бен құндылықтарымызды насихаттап жүр. Айтуынша, қазақ мәдениетіне қызығушылық жоғары.

Аружан Болатбаева, Бельгиядағы Қазақ мәдени орталығының басшысы

- Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында отандастарымызды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды бірнеше шет тілін меңгеруге шақырды. Сондай ақ Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тіледі. Ал жастар өз жетістіктерімен бөлісті.

Қазақ-еуропа байланысын бекітетін басқосулар басталып кетті. Келіссөз үстелінде еуропалық және қазақстандық кәсіпкерлер бар. Түрлі келісімдерге қол қойып, уағдаластықтарға жетіп жатыр. Еуропа Шығыс пен Батысты байланыстыратын жүк тасымалының жылдам әрі сенімді бағыттарын іздеуде. Ал Қазақстан бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытын ұсынып отыр. Оны тыңдауға кәрі құрлықтың жүзден аса компаниясы келген. Еуропа да құр алақан емес.

Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі басты инвесторларының бірі. Тараптар сан салада серіктестік орнатқан. Осы сапар аясында бұл байланыс одан әрі нығаяды. Біздің тарап нақты ұсыныспен келді.

Сапардың негізгі күні ертең өтеді.  Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің штаб-пәтерінде Еуропа одағы басшылығымен кездесіп, жаңа жобалар мен инвестициялық бастамаларды талқылайды. Сондай-ақ құны млрдтаған долларды құрайтын құжаттарға қол қойылуы мүмкін.

Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz