RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан – Қытай әріптестігі жаңа қарқын алды

23.06.2026, 19:10 37

Қазақстан мен Қытай көпжақты ынтымақтастық аясын кеңейте түседі. Әсіресе сауда мен инвестицияға ерекше мән беріледі.

Бұл жөнінде үкімет басшысы Олжас Бектеновтың көрші елге сапары кезінде айтылды. Ол Қытай халық республикасы мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесіп, экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Далянь қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» бастамасының сессиясында сөз сөйлеп, қытайлық инвесторлармен кездесті.

Сапар барысында Олжас Бектенов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Олар екі елдің басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асу барысын талқылады. Сондай-ақ, сауда-саттық, инвестиция, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын сөз етті. Тараптар көлік және логистикаға ерекше тоқталды.  Бүгінгі таңда Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 85%-дан астамы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы қазақ-қытай арасында тек қана теміржол арқылы тасымалданған жүктің көлемі 35,6 миллион тоннаға жетті. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан мен Қытайды өзара құрмет пен қолдауға негізделген достық және ынтымақтастық байланыстырады. Бүгінде екіжақты қатынастар мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында дамып, жаңа «алтын отызжылдық» кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы жеке достық байланыстан мемлекетаралық қатынастардың орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылады.

Премьер-министр Бектенов Қазақстанның экономикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын жеткізді. Елімізде шетелдік инвестордардың құқықтарын қорғап, инвестициялық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталаған шаралардың күшейтілгенін айтты. Ал ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян қазақ-қытай арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Ли Цян, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері:

- Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге шықты. Қазіргі халықаралық жағдайда екі ел сенімді серіктестер ретінде өзара үйлестіруді күшейтуі қажет. Қытай тарапы саяси өзара сенімді нығайтуға, даму стратегияларын үйлестіруге және екі ел халқының игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын.

Сондай-ақ үкімет басшысы Далянь қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған сессияға қатысты. Ол отырыста сөз сөйлеп Қазақстан шамамен 1,7 миллиард тұтынушысы бар нарыққа қолжетімділікті  қамтамасыз ететінін назар аударды. Елімізде кейінгі 7 жылда көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамытуға 35 миллиард АҚШ доллардан асатын қаражат жұмсалған. Осының арқасында Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сианьдағы құрғақ порты сияқты көптеген маңызды жоба жүзеге асты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша бізде жасанды интеллект цифрландыру министрлігі құрылды. Біз Қазақстанда осы бағытқа өте көп көңіл бөліп жатырмыз. Соның ішінде Қытай халық өкілдерімен көптеген бірлескен жобаларымыз бар. Ол ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық инфрақұрылымды салу, басқа да көптеген бағыттарда өте тиімді, жақсы нәтижелер бар.

Жиында «Бір белдеу – бір жол» бастамасын дамытудың бес басым бағыты аталды. Енді бағдарлама аясында өзара инфрақұрылымдық байланыс нығая түседі. Цифрлық орта дәліз қалыптастыру, сауда, инвестиция және қаржы тетіктерін кеңейтуге мән беріледі. Сапар барысында Олжас Бектенов екі елдің жетекші бизнес өкілдерімен кездесті. Қытайлық инвесторлар тың жобаларын таныстырып, бірлесіп жүзеге асыру жайын талқылады.

Сұлтанғали Қинжақұлов, «Kazakh Invest Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Оның біреуі Қазақстанда Ақтөбе облысында үлкен индустриалдық-логистикалық хаб. Өте пайдалы жоба. Қазақстанда болмаған жоба. Инвестор бүкіл инфрақұрылымды, бүкіл коммуникацияны, бүкіл ғимарттардың бәрін өз күшімен салады. Осы биыл басталады. Үш кезеңнен тұрады. Жалпы 3-4 жылдың ішінде салынады.

Чжанг Цилианг, Jinyi Holding Group компаниясының атқарушы президенті:

- Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мемлекет тарапынан қолдауды көріп отырмыз. Бұл сенімді арттырды. Осының арқасында жобамызды бастап та кеттік. Біз өңдеу саласы мен трансшекаралық сауда айналымы логистикасын инвестициялаймыз. Қазақстанға озық үлгідегі технология мен тәжірибелі мамандарды алып барамыз.

Қытай Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. Бүгінде Қазақстанда 8 мыңға тарта қытайлық кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Енді бұл тізімге  бірнеше ірі жобалар қосылады.Айта кету керек, былтыр сауда-саттық 48 миллиард АҚШ долларға жетті. Сондай-ақ 2,8 миллиард АҚШ доллар тікелей инвестция тартылды. Ертең үкімет басшысы Бектенов 17-ші дүниежүзілік экономикалық «Жазғы Давос» форумның ашылу салтанатына қатысады деп жоспарланып отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz