RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан Халық партиясының жаңа төрағасы сайланды

27.06.2026, 19:38 41

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті.

Делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады. Ол Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті. Сондай-ақ бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Кезектен тыс съезде делегаттар Нұрсұлтан Шоқановтың кандидатурасын бір ауыздан қолдап, партияның жаңартылған Жарғысы мен жаңа айдентикасын бекітті. Жиында Ермұхамет Ертісбаев сөз сөйлеп, соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады. Саяси күштің осыған дейінгі төрағасы фракция депутаттары 8-шақырылым басталғалы бері Үкіметтің атына азаматтардың ең өзекті мәселелерін арқау еткен 591 депутаттық сауал жолдағанын айтты. Сондай-ақ осы аралықта партия қатары 43 мыңнан астам мүдделеспен толыққанын мәлімдеді. 

Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан Халық партиясының бұрынғы төрағасы:

- Бүгінде Халық партиясы көмек сұрап келетін орталыққа айналды. Бұл біздің жұмысымыздың басты нәтижесі. Партия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүйелі түрде қолдайды. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға бұдан былай да өз үлесін қоса береді. Соңғы жылдары Халық партиясы еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан қоғамдық-саяси медиа жүйелердің бірін құрды. Қазіргі уақытта партияның ресми цифрлық платформаларына 1,1 миллионнан астам желі қолданушысы тіркелген, жарияланымдардың жалпы қаралымы 600 миллионнан асты, ал азаматтардан түскен пікірлер мен өтініштер саны 1 миллионға жуықтады.

Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Халық партиясының төрағасы:

- Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және жоғары жауапкершілік. Ерекше ырзашылығымды Ермұхамет Ертісбаевқа білдіремін. Оның басшылығымен ҚХП өз беделін нығайтып, қоғаммен жұмыс істеудің тиімді жүйесін қалыптастырды. Елдегі ең көрнекті саяси күштердің біріне айналды. Бүгін мен ұйымның тізгінін қабылдап отырмын. Сіз бен біз болып партияны жаңа деңгейге көтеретінімізге сенімдімін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz