Енді елорда одан әрі дамып, ондағы инфрақұрылым толық жаңарады. Апатты жағдайдағы тұрғын үйлер сүріліп, қала келбеті реттеледі.
Сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасы әзірленеді. Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда айқындалған. Ол кеше ғана күшіне енді.
Астана аз уақыт ішінде тек Орталық Азияға емес, бүкіл әлемге танылды. Мәдениет пен инновацияның, білім мен толеранттылықтың және цифрлық шешімдердің ордасына айналды. Жаһан жұрты көз тіккен саяси жиындардың да басты алаңы бола білді. Ал енді қаланың мәртебесі Конституциялық заңмен айқындалып отыр. Бұдан былай Астананың саяси, мәдени, әкімшілік және экономикалық орталық ретіндегі рөлі күшейеді. Инфрақұрылымы дамып, біртұтас архитектуралық келбеті қалыптасады. Сондай-ақ жол қозғалысы реттеледі.
Дидар Сауқымбек, қала әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы:
- Негізгі өзгеріс мұнда елорда мәртебесі енді Конституциялық заңмен реттеледі. Бұл қаланы басқарудың құқықтық негізін күшейтеді. Құжатта әкімдік пен мәслихаттардың өкілеттіктері реттелген. Қаланы басқарудың жаңа тетіктері яғни дизайн-код, қаланың сәулеті, қала аймағының, орман саябағының дамуы, жол қозғалысын ұйымдастыру, қала маңының құқықтық режимін айқындау көзделген.
Соңғы жылдары елдің қазынасы толып, Астананың да бюджеті қалыптасты. Бұл көпшіліктің әлеуметтік жағдайына оң әсерін берді, жақсы өмір сүруіне ықпал етті. Әсілінде, тұрғындарды жұмыспен қамтып, баспаналы болуына жағдай жасаған ірі қалалардың бірі елорда екені сөзсіз. Жылдан жылға көкжиегі кеңейіп келе жатқан шаһар отандастарымыздан бөлек, туристердің де шоғырланатын мекеніне айналды.
Тілеужан Өмірұзақ, қала әкімдігі инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- 2026 жылдың 1 тоқсанында 350 мыңнан астам турист келді. Оның 68 мыңы тек шетелдік туристер алыс-жақын шетелден келген. Ресейден, Түркиядан, АҚШ-тан, Ұлыбритания, Германия елдерінен келген шетелдік туристер. 284 мыңы ол Қазақстанның түкпірінен облыс, қалалардан келген туристер. Бұл статистика тек қонақ үйлерде тоқтаған туристер бойынша жүргізіледі.
Астана мәртебесіне қатысты Конституциялық заң елорданың орнықты дамуына жол ашады. Қазірдің өзінде туристік тартымдылықты арттыру үшін бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында экологиялық парктер мен ойын-сауық орталықтарын салу және жаңа қонақ үйлердің құрылысы бар.
Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Жүніс
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #инфрақұрылым #заңPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz