RU
Толық нұсқаға өту

Билік пен бизнес басқосуы

02.07.2026, 19:00 30

Қазақстан шикізат экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтылады. Бұл инвесторларға да қойылатын талап.

Экономикаға қаржы құюға ниетті кәсіпкерлер уақыт өте өндірістегі қазақстандық өнім үлесін көбейтуге міндетті. Бүгін елордада Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті. Жиында Президент елдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін таныстырды. Жаһандық қалталыларға қай сала қызық? Қазақстанның инвестициялық климатын қалай бағалайды? 

CNPC, Air Liquid, Polpharma, Alstom және тағысын тағы. Бұл жаһан бизнесіндегі мүйізі қарағайдай мықтылар. Түрлі салада тамырын тереңге жайған 30-дан аса алпауыт. Өндіріс пен өңдеу ісінің серкелері. Әлемнің әр түкіпірінде кәсібін қыздырып, ісін дөңгелетіп жүр. Міне, осындай белді һәм бақуатты инвесторлар Астана төрінде жиналды. Президент оларды бекер жинаған жоқ. Инвестицияға талас күшейген шақта ашық әңгімеге шақырып, ел әлеуетін таныстыру керек. Ал Қазақстанның мүмкіндігі ұшан теңіз.

Сандар сөйлесін. Былтыр ел экономикасы 6,5 пайызға өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард долларлық межеден асты. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан көп. Демек, Орталық Азияға құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызы бізге тиесілі.

Экономика өсімі - 6,5%

Ішкі жалпы өнім көлемі - $300 миллиард

Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі - $150 миллиард

Аймаққа құйылған инвестициядағы Қазақстан үлесі -  шамамен 70%.

Бұл көрсеткіш бойынша көршілерден көш ілгеріміз. Бұл сандар сенім мен серпілісті қатар көрсетеді. Сол үшін Мемлекет басшысы сөзін экономикалық жетістіктерден бастап, инвесторларға арналған мүмкіндікпен қоштады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn visa бағдарламасы бар. Дегенмен біз мұнымен шектелмейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс бар.

Бұл сөзді шетелдік инвесторлар да растайды. Жоғары технологияны ұршықша иіретін Томас Эрвин елдегі инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, әлеуетті салаларды атады. Оның пікірінше, қазір табиғи ресурстарға деген қызығушылық жоғары, бірақ алдағы уақытта инвесторлар жасанды интеллект бағытына мол қаржы құюы мүмкін.

Томас Эрвин, EY Global компаниясы ЖИ жөніндегі басшысының орынбасары:

- Қазақстанда инвесторларға қолайлы орта қалыптасып келеді. Алда жасанды интеллект кез келген экономиканың шешуші факторына айналады. Білімге негізделген қызмет те, өндіріс те нейрожелінің көмегімен жүзеге асады. Қомақты қаржы салуды жоспарлаған кез келген инвестор осыған міндетті түрде назар аударады. Меніңше, Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр. Құқықтық және реттеуші орта сенімді әрі тұрақты болуына басымдық беріліп жатқаны қуантады.

Қазақстанның да мақсаты - осы. Отырыста Президент жасанды интеллектке айрықша мән беретінін жеткізді. Жаһандық сарапшылардың болжамына сай, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Елде нейрожелімен қатар цифрлық инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Орталық Азия елдері арасында алғаш рет екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосу соның дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады.

Цифрландыру кез келген салаға әсерін тигізеді. Соның бірі - пайдалы қазбалар. Аса маңызды материалдарды игеру ісінде ашықтық пен технологиялық экожүйе қалыптастыру керек. Президент мұны басым міндет ретінде атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін лицензиялауға және бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызметті автоматтандырды. Бұрын тек қағаз және магниттік форматтарда ғана болған 4,7 миллионнан астам архивтік геология құжаттары мен материалдары бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді.

Алайда тек жер қойнауымен шектелуге болмайды. Сол үшін қазір инвесторларға жергілікті өндіріс үлесін арттыру бойынша талап қойыла бастады.

Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» Басқармасының төрағасы:

- Инвесторлармен серіктестік туралы құжат ішінде өз міндеттерімізді де жазамыз. Шетелдік кәсіпкер өнім шығарумен шектелмей, кезең-кезеңімен өндірісті локалазиялау керек. Яғни, өндіріс барысында отандық өнімдер пайдаланылуы керек. Бұл шикізатқа да, қызметке де байланысты.

Бұл барлық салаға қатысты. Бірақ біз ауыл шаруашылығын мысал ретінде алсақ. Диқандар екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бүгінде 200-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны «ақылды ферма» форматында жұмыс істеп, өнімділікті арттыруды жоспарлап отыр. Енді Қазақстанның түпкі мақсаты – өнімді терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналу. Мұны мемлекет басшысы да растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтыламыз. Ол үшін, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін дамытуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық беру өзекті. Аталған салада өндірістік циклдің барлық кезеңіне инвестиция салуға мол мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, роботтандыру технологияларын шешімдерін тамақ өнеркәсібіне белсенді түрде енгізе бастадық.

Адами капитал да айтылды. Қазақстан әлемдік нарықты білікті мамандармен қамтамасыз етуге дайын. Alem.ai халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды. Telegram және Presight (прэсайд) секілді халықаралық серіктестермен бірге заманауи зертханалар құрылды. Одан бөлек логистика саласында да мол әлеует бар.

Жером Бойе, ALSTOM компаниясының Орталық және Батыс Азия бойынша басқарушы директоры:

- Қазақстанның логистикалық әлеуеті ұшан теңіз. Компаниямыз 2010 жылдан бері 200 миллион еуро инвестиция салды. Ал 2023 жылы құны 50 миллион еуро болатын жаңа инвестициялық кезең бастадық. Оны 2027 жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл инвестициялар Орта дәлізге қызмет етеді. Негізінен Қазақстанның оңтүстігіндегі төрт депоны дамытуға бағытталған.

Енді Алатау қаласы жайлы. Шаһар әлемдік деңгейдегі арнаулы құқықтық режимге ие. Дүние жүзінен инвестиция тарту және Алатауды халықаралық іскерлік орталықтардың біріне айналдыру мақсатында нормативтік база жасақталды. Қала Қазақстандағы толық цифрланған алғашқы орталық болады. Қысқасы, бизнесмендерге берілетін мүмкіндік мол болады. Бұған Президент те арнайы тоқталып, артықшылықтарын жіпке тізді.

Бұл отырыстың мәні - бизнес пен биліктің басын бір жерде қосу. Мына дөңгелек үстелде Президенттен бастап мемлекеттік орган басшылары түгел жиналды. Сөйтіп, оларға кәсіпкер не инвестор саланың солғын тұстарын тіке айтты. Нақты сұрақ қойылды, нақты жауап алынды. Осылайша, кәсіптің көкжиегін кеңейтетуге кедергілер анықталады. Яғни формула мынадай. Сұрақ қойылды, жауап алынды, проблема анықталды, шешім табылды. Тісті тапсырма берілді. Және мұның бәрі бір жерде, бір үстел басында бір мезетте болды.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында ондаған кездесу өтеді. Келіссөзге бизнес өкілдері де, мемлекеттік органдар да қатысады. Оған қоса қомақты қаржыға комерциялық келісімдер жасау да жоспарланған.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz