Елдегі саяси дода алдында партиялардың белсенділігі артты. 23 тамыз күні болатын Құрылтай сайлауына «Республика», «Ақ жол», «Ауыл» саяси күштері өздерінің толық дайын екенін мәлімдеді.
Кандидаттарын бекітіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Әр партия бағыт-бағдарын айқындап, қоғамға арналған ұсыныстарын жариялап жатыр.
Құрылтай сайлауына алғаш болып кандидаттар тізімін бекіткендердің бірі Respublica партиясы. Үш жыл бұрын құрылған саяси ұйымның басты мақсаты - қоғам өмірінің барлық саласында жүйелі әрі құрылымдық өзгерістер жасау. Партия тізіміне 76 кандидат енді. Олардың орташа жасы 41-де. Кандидаттар қатарында жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар және партиялық резерв түлектері бар.
Айбек Күмісбеков, Respublica партиясының Орталық аппараты басшысының кеңесшісі:
- Біздің басты бағытымыз – шағын және орта бизнесті қолдау, халықтың игілігі үшін жұмыс істеу. Бағытымыз өзгерген жоқ. Бірақ соңғы үш жылда қоғамның сұранысы өзгерді. Сондықтан бағдарламамызда цифрландыру мен жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізуге көбірек көңіл бөлдік.
Ал «Ақ жол» партиясының бағдарламасынан нарықтық экономикаға, әлеуметтік әділдікке басымдық бергенін байқауға болады. Сайлауға 120 үміткердің ішінен іріктелген, 63 кандидатын ұсынып отыр.
Ақманат Төлегенова, Қызылорда облыстық партия кеңесінің мүшесі:
- «Ақ жол» партиясының негізгі ұстанымы, бағыты – барлық кезде кәсіпкерлерді қолдау. Халыққа бізден керегі нақты шешім, нақты өзгеріс. Құдай қаласа алдағы Құрылтайға жақсылап дайындаламыз. Барынша халықтың сенімін ақтауға тырысамыз.
Елдің ең ескі партияларының бірі саналатын, ауылдың үнін мемлекеттік саясатқа жеткізуді көздейтін – Ауыл партиясының соңғы съезіне 150 делегат қатысып, тізімге 69 адам енгізілді. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығындағы саясаткерлер.
Жигули Дайрабаев, «Ауыл» партиясының мүшесі:
- Ауыл да, ел де, жер де, мемлекет те өзіміздікі. Сондықтан майда-шүйде тірлік болмайды. Сол қазір қалған мыңдаған ауылды сақтап, оның инфрақұрылымын қалпына келтіріп, жолын, суын, жұмыс орнын ашатын болсақ, біздің мемлекет бұдан да жақсы болады. Ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айналады. Мен соған сенемін.
Осылайша, аталған үш партия съезін өткізіп, кандидаттары мен сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Енді алдағы күндері тағы төрт партия өз үміткерлері мен бағдарламаларын жариялайды. Осыдан кейін құрылтай сайлауына қатысатын барлық партиялардың негізгі бағыттары мен жоба-жоспарлары белгілі болады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай #Конституция 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz