RU
Толық нұсқаға өту

Энергетика саласын жаңғыртудағы ауқымды жобалар

08.07.2026, 21:00 32

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Павлодар облысындағы отын-энергетика және металлургия кешендерінің ірі кәсіпорындарында болды.

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің индустриялық алыптарының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорындардың қызметі елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. 

«Богатырь Көмір» серіктестігіне елдегі көмір нарығының 38%-ы тиесілі. Кәсіпорын ашылғалы екі миллиард тоннадан астам көмір өндірген. Қара алтынның басым бөлігі отандық тұтынушыларға жөнелтіледі, ал 23%-ы Ресейге экспортталады. Қазір компания кешенді модернизацияға басымдық беріп отыр. «Богатырь» және «Северный» кесігі жылына 42 миллион тонна өнім береді.

Сергей Усик, «Богатырь көмір» ЖШС бас директорының орынбасары:

- 2026 жылы біз 45,2 миллион тонна көмір өндіруіміз тиіс. Көмір саласын дамытудың ұлттық жоспарына сәйкес көмір өндірісін арттырып, 2032 жылы оның деңгейін 58,5 миллион тоннаға жеткізу қажет.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары "Railways Systems" кластерінің де әлеуетін бағалады. Бұл – елдегі теміржол көлігін шығаратын ең ірі холдинг. Өндіріс алыбының жылдық тауар айналымы қазірдің өзінде 350 миллиард теңгеге жетті. Кәсіпорын вагон жеткізу бойынша жаңа ауқымды келісімшартқа қол қоюға дайындалып жатыр. Құзырлы министрліктерге 2035 жылға дейінгі теміржолдың жылжымалы құрамын өндіру мен жеткізудің ұзақ мерзімді жоспарын бекіту жөнінде тапсырмалар берілді.

Сергей Павлингер, «Railways Systems KZ» ЖШС басқарма төрағасы:

- 20 мың вагон шығару туралы хаттамаға қол қойылды. Оның ішінде 500-і жолаушылар вагоны, 10 мыңы жартылай вагон, 2000-ы жабық вагон және дәнді дақыл тасымалдаушы 1000, 4300 платформа бар. Бұл бағдарлама қазір «Қазақстан темір жолымен» келісу сатысында. Барлығы егжей-тегжейлі бекітіліп, талап-тілектер есептелді. Осы жоба арқылы біз керемет синергиялық тиімділікке қол жеткіземіз.

Нұрлыбек Нәлібаев металлургия саласын дамыту жоспарымен де танысты. Жоба бойынша жалпы құны 330 миллиард теңгеден асатын жаңа ферроқорытпа өндірісін салу бар. Кәсіпорын жылына шамамен 460 мың тонна өнім береді. Ішкі және сыртқы нарықты қамтуы тиіс.

Дин Ким, «Mineral Product International» ЖШС директоры:

- Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде 80 мың тонна өнім өндіріледі. Екінші кезеңде екі есе артады. Негізгі тұтынушыларымен – Еуропа мен Азия елдері және АҚШ. Жобалау барысында әлемдегі соңғы трендтер ескеріліп, барлық халықаралық, экологиялық талаптарға сай келеді. Өндірісте тек жоғары деңгейдегі автоматтандыру жүйесі қолданылады. Бұл тауардың сапасына адами фактордың әсерін азайтады.

Сонымен қатар елде бүкіл көмір генерациясы саласын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Екібастұзда құрылыс жүріп жатқан «ГРЭС-3» станциясына бас сұқты. Нұрлыбек Нәлібаев елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мадияр Сәттібаев, мердігер мекеме өкілі:

- Өзі төрт энергоблоктан тұрады. Әрқайсысы 660 мегаватт энергоблок болып саналады. Қазіргі таңда бізде ЖСҚ жасалып жатыр. Қыркүйек-қазан айларында мемлекеттік сараптамаға кіргізуге дайындалып жатырмыз. Бұл жобаның құрылыс саласын 2027 жылғы бірінші желтоқсанда бастағалы жатырмыз. 8 мыңнан 10 мың жұмысшы арасында қамтитын боламыз.

Ал облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Қаладағы жылу желілерін қайта қалпына келтіру - басты назарда. Шаһар инфрақұрылымын ауқымды жаңарту 2023 жылы қолға алынған.

Хасар Хабылбеков, Павлодар қаласының әкімі:

- Шағын аудандардың желілерін жаңартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Қаладағы орталық магистральдар толық  жаңартылды. Жағдайы жақсы деп айтуға болады. Енді шағын аудандардың ішкі желілерін қолға алуымыз қажет.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылады. Республикалық жиында Нұрлыбек Нәлібаев өңір әкімдеріне коммуналдық қызметтердің қысқа дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жылу желілерін жөндеу жұмыстары кестеге сай болуын ескертті.

Авторлары: Валентина Леонова, Марат Игліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz