Ел экономикасының ілгерілеуіне құрылыс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық салалары оң ықпалын тигізген.
Бүгін Үкімет отырысында экономиканың әр саласы бойынша жарты жылдықтың қорытындысы жарияланып, бюджет кірісі талқыланды. Мәселен, жыл басынан бері мемлекеттік қазынаға кіріс, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға өскен.
Үкіметтің бүгінгі отырысы салмақты сандарды саралау мен жарты жылдықты сараптауға арналды. Премьер-министрдің орынбасары- ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған министрлер кабинетінің блогы сала-сала бойынша есеп берді. Экономикалық көрсеткіштер көңіл көншітеді. Алты айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 4,1 пайызды құрады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбарасы, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қызмет көрсету саласында өсім 3,5 пайыз. Экономика өсуінің негізгі драйвері мұнайға қатысты емес сектор болып қала береді. Биыл мұнай емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асуда. Салалар арасындаең жоғарғы өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсі, көлік және сауда көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің қосқан жиынтық пайызы шамамен 85 пайызды құрайды. Оң динАмика агроөнеркәсіп кешені мен байланыс саласында сақталып отыр.
Ұлттық банк төрағасынан бастап қаржы, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика министрліктерінің басшылары мен облыс әкімдері алты айда атқарылған істер бойынша есеп берді. Барлығын мұқият тыңдап шыққан үкімет басшысы Олжас Бектенов халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша әр ведомствоға тиісті тапсрыма берді. Үкімет отырысынан кейін, салалық министрліктердің өкілдері экономикалық өсім мен тежеуге қатысты тілшілердің сауалдарына жауап бері. Көкейдегі сауалдың бірі – ауыл шаруаларының аптап ыстықтағы амал-әрекетіне қатысты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов күнгейдегі өңірлерде суарудан еш қиындық жоғын айтты. Астықты Солтүстік өңірлерде да жағдай жіті бақылауда.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Егістік алқаптарының 96 пайызы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Күйіп кеткен алқап жоқтың қасы. Ақмола облысының кей жері, Қарағанды облысында да кей аудандар құрғақшылыққа тап болды. Ол жерлерді жіті назарымызда. Не боларын астықты ору кезеңінде көреміз енді. Оның үстіне фермерлер мұндай жағдайға дайын екенін айта кету керек. Қуаңшылыққа төзімді дән себілген, және өсімдіктерге нәр беретін арнайы тыңайтқыштар қолданылған.
Көтерілген мәселенің тағы бірі – киік етін өңдейтін кәсіпорындарға қатысты болды. Бүгінде киік етінің консервілеріне сұраныс айтарлықтай азайған. Енді не істемек керек деген сауалға – Азат Сұлтанов вахталық жұмысшылары бар ірі кәсіпорындарға азық ретінде ұсынылуы мүмкін деп жауап қатты. Ал құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі Қуандық Қажкенов шілденің бірінен бастап жаңа Құрылыс Кодексінің күшіне енгенін тілге тиек етті. Оған сәйкес, құрылыс компанияларының автоматтандырылған реестрі іске қосылған. Тізілімдегі мердігерлерге қатаң талап қойылады: құрылыс-монтаж жұмысын сапасыз жүргізсе, ондай компаниялардың лицензиясы тоқтатылады. Астанадағы құрылыс сапасы да сөз болды.
Қуандық Қажкенов, ҚР Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі:
- Құрылыс кодексі 1 шілдеден күшіне енді. Мұнда архитеторлық жоспар нысандары бар, жоба эскизбен қағаз жүзінде жүргізілген. Мысалы, Құрылыс комитетінің ГАСК –і тексергенде олардың архитекторлық-жоспар нысаны егжей-тегжейлі жоспарларға сәйкес келмеген. Енді барлығы міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтетін болады.
Жалпы жарты жылда 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 2,6 млн шаршы метрі – жеке тұрғын үй құрылысы. Салық кодексіндегі өзгерістер құрылыс саласына ешқандай әсерін тигізбеді, деді Қуандық Қажкенов. Себебі биыл қолданысқа берілгендерінің 90 пайыздайына тапсырыс былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айларында берілген. Жалпы бұл салада сұраныс пен ұсыныс арасында тепе-теңдік сақталған.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мұрат Әріпханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #үкімет #экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz