RU
Толық нұсқаға өту

Құрылтай сайлауы қарсаңында жалған ақпарат пен фейк сайттар көбейді

23.07.2026, 11:34 61

Құрылтай сайлауы жақындаған сайын цифрлық кеңістікте жалған ақпарат тарату әрекеттері жиілей түсті. Бұл туралы Дезинформацияға қарсы күрес орталығына сілтеме жасап «24KZ» хабарлайды.

 

Орталық өкілдерінің мәліметінше, сайлау қарсаңында ақпараттық провокациялардың көбейуі халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі. Мұндай арандатушылықтар ішкі саяси бәсекелестер тарапынан да, сайлау процесінің беделін түсіруге және мемлекеттік институттарға деген сенімді азайтуға мүдделі сыртқы күштер тарапынан да ұйымдастырылуы мүмкін.

 

Қазіргі уақытта ашық фейктерден гөрі сенімді сияқты көрінетін күрделі манипуляция әдістері жиі қолданылуда. Олардың қатарында саяси партиялар мен кандидаттардың атынан ашылған жалған аккаунттар, жасанды интеллект көмегімен жасалған хабарламалар, жалған мәлімдемелер мен псевдо-сауалнамалар бар. Тіпті ресми ресурстардың көшірмесі болып табылатын фейк сайттар да пайда болған.

 

Мамандар саяси партиялардың бірінің атынан ашылған жалған парақшаны анықтады. Ол арқылы партия қызметі туралы бұрмаланған ақпарат тарап, жаңа қатысушыларды тіркеу деген желеумен азаматтардың жеке деректері заңсыз жиналған. Сондай-ақ ресми аккаунттардың айналасында жасанды бот-белсенділік ұйымдастыру жағдайлары да тіркелді. Бұл сандық платформалардың алгоритмдеріне әсер етіп, ресми ақпараттың қолжетімділігін төмендетеді.

 

Дезинформацияға қарсы күрес орталығы азаматтарға сайлауға қатысты тек ресми дереккөздерге сенуді, жеке деректерді енгізбес бұрын сайт мекенжайларын мұқият тексеруді және анонимді хабарламаларды таратпауды ұсынады.

 

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізеді. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны және заңсыз мақсатта фейк ресурстарды пайдаланғаны үшін ел заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz