Бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқанының бесінші күні.
Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырып жатыр. Саяси бірлестік мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр. Партиялардың өкілдері кәсіпорындарға, өндіріс ошақтары мен еңбек ұжымдарына барып, кездесулер өткізді.
"Әділет" партиясының кандидаттары тұрғындармен кездесті
"Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Маңғыстау облысында бірқатар кездесу өткізді. Ақтауда көпшілікпен жүздесіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылады. Партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Жиын барысында тұрғындар баспана, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және еңбек қатынастарына қатысты сұрағын қойды. Кандидаттар сондай-ақ «ҚазАзот» зауыты мен Ақтау портында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Жұмысшылардың ой-ұсынысын тыңдап, көтерген сауалдарына жауап берді.
Рауан Кенжеханұлы, "Әділет" партиясынан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидат:
- 5 жылдан кейін "Әділет" партиясы Қазақстанды қандай жағдайда көргісі келеді. Соның ішінде экономика қандай болуы керек, еңбек қатынастары қандай болуы керек, отбасының жағдайы қандай болуы керек. Осының барлығы бағдарламаға салынды. Бүгін таныстырып жатырмыз. Оның барлығы өлшеулі, нақты болсын, межелі болсын деп жатырмыз.
"Respublica" партиясының өкілдері еңбек адамдарымен кездесті
"Respublica" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Өскеменде бірқатар кездесу өткізді. Сүт өндіретін кәсіпорында болып, Үлбі металлургия зауытының жұмысшыларымен және қала тұрғындарымен кездесті. Олар шағын және орта бизнестің салықтық жүктемесі мен шығындарын азайту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ трамваймен жүріп, жастармен ашық форматта елдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын талқылады. Кандидаттар жастармен диалог өткізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Мейрамгүл Мәдәлі, "Respublica" партиясынан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидат:
- Өскемен қаласының кейбір азаматтары парктың мәселесін шешу, қаланың тазалығы деген сияқты дүниелерді де көтеріп жатыр. Біздің негізгі мақсатымыз бұл кездесудегі осындай мәселелерді ұғыну, түсіну, жинау. Ертеңгі уақытта сол мәселелердің шешімін табуға жұмыс істеу.
"Ақ Жол" партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті
"Ақ жол" демократиялық партиясының кандидаттары Көкшетаудағы "Кокше-city" серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті. Жылына 50 млн дана ұнға арналған қап шығаратын цехта бүгінде 350 адам еңбек етеді. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, басымдық беріп отырған негізгі бағыттарына тоқталды. Сонымен бірге, еңбеккерлердің толғандырған мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, кездесу барысында кәсіпорын басшыларының да жұмыс жүргізу кезінде кездесетін кедергілерімен танысты. Жиында отандық бизнесті қолдау және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері ерекше сөз болды.
Дания Еспаева, "Ақ Жол" демократиялық партиясының төрағасы:
- Соңғы үш жылда парламентте осы қарызға қарсы заңдарды қабылдасақ та, көбі өзінің құқықтарын білмейді екен. Сондықтан бүгін менің бірінші міндетім оларға өзінің құқықтарын, қандай жолдары бар, оны несиені қалай жоюға болады деген. Банкроттық туралы заң соны түсіндірдік.
"Ауыл" партиясының кандидаттары дәрігерлермен кездесті
Денсаулық сақтау саласында кадр тапшы. Бүгінде елде 8 мыңға тарта медицина қызметкері жетіспейді. Бұл мәселе әсіресе ауылдарда өзекті. Өйткені оқуын тәмамдаған жас дәрігерлер шалғайдағы елді мекендерге барып жұмыс істеуге құлықсыз. Бүгін Қосшы қаласындағы медициналық ұйым өкілдерімен кездескен "Ауыл" партиясының өкілдері осылай деді. Партия мүшелері сала өкілдерімен тілдесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысқандар кандидаттарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Сонымен бірге, саяси ұйым мүшелері "Асыл түлік" мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс жөніндегі республикалық орталығы" ұжымымен кездесті. Жиын барысында кандидаттар агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бағыттары туралы айтып берді.
Қайрат Айтуғанов, "Ауыл" партиясының төрағасы:
- Осы жылы оқуын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы қалада қаламыз деп отыр. Бізде ауылда дәрігерлер жетіспейді, медбикелер де жетіспейді. Үкіметтің аурухана, ФАП салуға жағдайы бар. Амбулатория ашуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол ғимарат бос тұрып қалады. Өйткені ішінде маман жоқ.
ЖСДП кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірінің еңбек ұжымымен кездесті. Басқосу барысында еңбек құқықтарын қорғау, жалақы деңгейін арттыру, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін жақсарту мәселелері талқыланды.
Осы тектес кездесу Қарағанды қаласында педагогтармен өтті. Диалог барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер, әлеуметтік қорғау, еңбек құқықтары және халықтың түрлі санаттарын қолдау тақырыптары сөз болды. Сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқыту, педагогтердің қосымша жүктемесі мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, әйелдердің құқықтарын қорғау, интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, ұстаз мәртебесі мен дарынды оқушыларды қолдау мәселелері де талқыланды.
Мақсұт Насибулов, ЖСДП орталық аппарат жетекшісі:
- Біздің қаншама оқушыларымыз әлемнің әртүрлі сайыстарына, олимпиадаларына қатысып, үлкен жүлделі орын алып жатыр. Оған көмектесуіміз үшін біз бірінші мұғалімдердің жағдайын, әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек. Үй мәселесі, жалақы мәселесін көтеру үшін, басқа да әлеуметтік жағдайларын ойластыру керек.
"Байтақ" партиясының өкілдері ардагерлермен кездесті
"Байтақ" жасылдар партиясы Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы ардагерлермен кездесу өткізді. Саяси бірлестік өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және өңірлердің тұрақты дамуы салаларындағы бастамалары туралы баяндады. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өзекті қоғамдық мәселелерді және ұсынылған бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылады.
Алма Қараш, "Байтақ" партиясының мүшесі:
- Бүгін "Байтақ" партиясы Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, зейнеткерлермен және белсенді аға буын өкілдерімен кездесу өткізді. Отандық өндірісті қолдау ірі инвестициялық жобалардан басталмайды. Ол ең алдымен шағын кооперативтен, үй маңындағы шағын өндіріс орнынан басталады.
Тегтер #құрылтай 2026 #сайлау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz