Құрылтай сайлауына айдан аз уақыт қалды.
Соған орай партиялар да үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, белсенді бола түсті. Өңірдегі жұртшылықпен кездесу өткізіп, сайлауалды бағдарламаларын халыққа түсіндіріп жатыр.
"Әділет" кандидаттары тұрғындармен кездесті
"Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог барысында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Аймақтың дамуына қатысты сұрақтар да назардан тыс қалмады. Көпшілік өңірдегі түйінді түйткілдерді жіпке тізіп қана қоймай, оны шешу жолдарын ұсынды. Жиында қаузалған мәселердің басым бөлігін халық күнделікті өмірде жиі кездестіреді. Сондықтан қоғам белсенділері білім беру мекемелерінің жұмысы мен әлеуметтік салаға ерекше мән беру керектігін айтты.
Үнзила Шапақ, "Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біз "Әділет" партиясының республикалық штабы бүгін Қарағанды қаласына келдік. Қарағанды облысында біршама объектіге барамыз. Негізгі біздің мақсатымыз халықты "Әділет" партияның бағдарламасымен таныстыру болып табылады. Біздің ұстанып отырған жеті нақты ұстанымымыз бар. Он бағытымыз бар, осы жөнінде халықпен кездесіп, әр азаматтарды егжей-тегжейлі таныстырумен айналысып жүрміз.
Respublica партиясының мүшелері медицина қызметкерлерімен кездесті
Бүгін Respublica партиясының өкілдері Талғар ауданының Белбұлақ ауылында медицина қызметкерлерімен және ем қабылдап жатқан тұрғындармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында үміткерлер «Республика» партиясының сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырып, бағдарламаның негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамытуға арналған бастамалар жайында баяндады. Кездесу барысында сайлаушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныс- пікірлерін ортаға салды. Әңгіме емдеу сапасы, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелер және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты өзекті тақырыптарды қамтыды. Жиын соңында "Республика" партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсекенов "Біз үшін медицина саласында жүрген әр маманның пікірі маңызды. Біз бүгін тек сайлауалды бағдарламамызды таныстыру үшін емес, сіздерді тыңдап, ұсыныстарыңызды есту үшін келдік» деді.
"Ақ Жол" партиясының кандидаттары бизнес өкілдерімен кездесті
Ақтөбеде “Ақ жол” демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасуда. Бүгін партия төрағасы Дания Еспаева бастаған кандидаттар шағын және орта бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау жайы көтерілді. Сонымен қатар бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері сөз болды. Қатысушылар да іркіліп қалмай, толғандырған сұрақтарын партия төрағасына тікелей қойды. Дания Еспаева экономикалық өсім отандық бизнесті қолдайтын жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында ғана іске асатынын еске салды.
Дания Еспаева, "Ақ Жол" демократиялық партиясының төрағасы:
- Біздің басты мәселеміз - осы кездесуде қазіргі кезде шағын және орта бизнесті қандай мәселелер толғандырып тұрғанын, сонымен қатар, пікірлесіп өзіміздің жұмысымызда осыны пайдалану. Себебі ол, ең біріншіден, жұмыс орындары. Екіншіден ол бюджетке түсетін салық. Ал бюджетке салық түссе, ол халықтың әл-ауқатын жақсарту. Сонымен қатар шағын және орта бизнес дамыса, біздің экономикамыз дамиды.
"Ауыл" партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Қостанайда «Ауыл» партиясының өкілдері «Қазпошта» ұжымының қызметкерлерімен кездесті. Облыста 400-ге жуық елді мекенге қызмет көрсететін мекемеде бүгінде мыңға жуық адам еңбек етеді. Жиын барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырып, ауыл-аймақты дамыту жолындағы нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар Мәскеу және Александров ауылдарының тұрғындарымен де жүздесіп, инфрақұрылымды жетілдіру, кадр тапшылығы сынды әлеуметтік мәселелер көтерілді. Ал Астанадағы жиында партия өкілдері әйелдердің саясаттағы ролін талқылады. Іс-шарада қатысушылар әйелдерді қолдау, отбасы институтын нығайту жөніндегі пікір алмасты.
Қарақат Әбден, "Ауыл" партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Бүгінгі жиында ауыл әйелдеріне, ауыл қыз-келіншектеріне қалай көмектесеміз деген сұрақ. Оның ішінде мына ауылдан шыққан қыздарымызға магистратураны төлемақысыз оқыту, тегін оқыту, әлі де шешілмеген әйел ауылдарының зейнетке шығу уақытын азайту, сол сұрақты тағы да біз көтереміз.
ЖСДП өкілдері өңір тұрғындарымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағандыға қарасты Пришахтинск елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Жиында қоғамдағы өзекті проблема- кибер-алаяқтық мәселесі көтерілді. Сақтық шаралары туралы айтылды. Соңғы уақытта алаяқтарға алданғандар тым көбейіп кеткен.
Ал Астанада кандидаттар №4 қалалық емхананың ұжымымен кездесу өткізді. Медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты. Саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Елдегі ұлт саулығын жақсарту жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Партия өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданында жастармен ашық диалог өткізді. Кездесуде білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және жастардың бастамаларын қолдау жайы сөз болды. Жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жан-жақты қолдау көрсету мәселелері де көтерілді.
Рүстем Сарманов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы:
- Жастардың мәселесін назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені жастар мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады.
"Байтақ" партиясы Алматыда сайлауалды бағдарламасын таныстырды
"Байтақ" партиясының мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері көтерілді. Партия өкілі Алма Қараш сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырып, әлеуметтік саясаттағы бастамаларға тоқталды. Ал әлеуметтік сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ халықтың осал топтарына көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Алма Қараш, "Байтақ" жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біз партияның құндылықтары, бағдарламасы және платформасы туралы айтып, тұрғындардың пікірін тыңдадық. Кездесуде халықтың ұсыныстары мен ой-пікірлеріне куә болдық. Жасы үлкен азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі денсаулық. Әрине экология мәселесі де көпшілікті толғандырады. Бұл баршаға түсінікті әрі маңызды тақырыптар. Кездесу өте мазмұнды өтті. Мұндай басқосулар тек сайлау кезеңінде ғана емес, халықпен тұрақты байланыс орнатуға, өзекті мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік береді.
Тегтер #құрылтай 2026 #партия #үгіт насихатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz