RU
Толық нұсқаға өту

Орталық Азия және Әзербайжан басшылары бас қосады

31.07.2026, 11:00 45

Бүгін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі өтеді.

Жиынға Садыр Жапаровтың шақыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Бауырлас елдердің басшылары байланыстың сан саласын талқылайды деп күтілуде. Нақты қандай жобалар қаралуы мүмкін? 

Күнгей мен Теріскей Алатауының баурайында, Ыстықкөлдің жағасында орналасқан - Шолпан-Ата. Шағын шаһарда жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Әдетте мұнда демалушылар тәнге шипа, жанға ем іздеп келеді. Алайда бүгін тұмса табиғат аясындағы туристік тынысқа саяси қарбалас қосылды. Қала көшелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бірқатар жол уақытша жабылды. Қырғыз елі мәртебелі меймандарды қабылдауға қызу дайындалып жатыр. Мұнда бауырлас елдер көшбасшылары жиналады, оның қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

Мына Ыстықкөлдің жағасы өңірдегі талай маңызды шешімнің куәсі болды. Бірақ жиынның мәні ерекше. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Орталық Азия елдерін алайық. Оған Әзербайжанды қоссаңыз тегі  тамырлас, ағайыны бауырлас бір бүтін жұрт шығарды. Тарихы мен түбірі тереңнен түйісетін түркі халықтары келелі келешек, баянды болашақты бірге көргісі келеді. Консультативтік кездесудің негзігі мақсаттарының бірі де осы. Бұл үшін әлеует мол. Сандарға зер салайық.

Алты елдің экономикалық әлеуеті де зор. Бұл нарыққа кіретін халықтар саны 90 миллионға жуық, ал жиынтық экономикасының көлемі шамамен жарты триллион доллар. Экономика, энергетика, көлік және цифрлық технология салаларындағы ықпалдастық – ортақ дамудың негізгі тіректерінің біріне айналып отыр.

Ордалы отырыс бастауын Астанадан алады. Сонау 2018 жылы алғашқы отырыс өтіп, саясаткерлер өңірлік ынтымақтастық, алыс-беріс, барыс-келістің жан-жақты тармағын талқылаған. Сарапшылардың пікірінше, сол кездегі келісімдер нақты нәтижеге ұласып, серіктестікке серпін берді. Қазіргі геоясаяси дағдырыс күшейген уақытта интеграцияның маңызы одан әрі арта түсті.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Бізге альтернативті дәліз керек. Біріншіден, мұнай экспортының дәлізі керек және біздің тауарлар тек Қазақстан емес, бүкіл Орталық Азияның тауарларын, мысалға Каспий арқылы сол дәлізді қолдап, Еуропаға жеткізуіміз керек. Екіншіден, біз де импорттан көп тауарлар ала аламыз. Баку-Түркия-Еуропа арқылы сол дәлізді біз кеңейтуіміз мүмкін. Үшінші логистикалық дәліздер. Яғни Қытай мен Еуропаның ортасында тұрған Қазақстан, Әзербайжан, Түркия сол дәлізді қолдап, тауарды жан-жаққа жеткізуіміз мүмкін.

Қазір мұнайды қауіпсіз тасымалдау да маңызды. Бұл ретте Баку тбилиси джейхан құбыры көмекке келеді. Мұндай пікірмен әзербайжандық сарапшылар да келіседі. Саясаттанушы Фикрет Садықовтың айтуынша, жаһандық ахуал тараптар арасында ортақ геосаяси әрі геоэкономикалық кеңістіктің қалыптасуына ықпал етті. Соның нәтижесінде елдердің мүддесі тоғысып, ауқымды жобалар жүзеге аса бастады. Негізгі бастамалардың қатарында Орта дәліз және Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобаларын жатқызуға болады.

Фикрет Садықов, саясаттанушы, Батыс Каспий университетінің профессоры:

 - Бізде тұтас Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын маңызды көлік дәлізі бар. Бұдан бөлек, Каспий теңізінің түбі арқылы жасыл энергетика тасымалдай аламыз. Менің білуімше, жасанды интеллект те біздің өңірлердің дамуына ықпал ететін маңызды құралға айналады. Оның көмегімен әлгі бастамаларды жеделдетуге болады. Әрине, қазіргі таңда жасанды интеллект кең ауқымда толық енгізілді деп айтуға әлі ерте. Бірақ алғашқы қадамдар жасалып жатыр.

Ал қырғызстандық сарапшы Зайнидин Құрмановтың пікірінше, кез келген интеграциялық бірлестік тіл мен діл сияқты ортақ құндылықтардың негізінде құрылады. Түркі халықтарының басты артықшылығы - осыда. Ұзақ уақыт бойы бауырлас елдер бір-бірінен алшақ деген түсінік қалыптасты. Алайда байланысы үзілгендей көрінген бауырлас мемлекеттердің ортақ кеңістігі қайта жаңғырып келеді дейді ол. Сарапшы мемлекет басшыларының кездесуінде талқыланатын негізгі мәселелерге де тоқталды.

Зайнидин Құрманов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Саясаттану және халықаралық қатынастар саласының маманы:

- Талқылайтын тақырып өте көп. Сондықтан саммит бейресми форматта, қатаң регламент пен хаттамалық шектеулерсіз өтеді. Яғни, өзекті мәселелерді еркін талқылауға мүмкіндік бар. Бұл жай ғана пікір алмасатын орта емес. Ең алдымен, Қытайдың транзиттік стратегиясымен байланысты жобалар қаралады. Халықаралық жағдайдағы белгісіздік жағдайында мұнай, газ, минералдық ресурстар мен басқа да тауарлардың транзитін қауіпсіз қамтамасыз ету өте маңызды. Сол себепті саммитте логистика, экономикалардың ықпалдасуы сияқты мәселелер талқыланады.

Қазақстан бұл үдерістің белсенді қатысушысы ретінде бұған дейін өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастама көтерді. Олардың қатарында достық және ынтымақтастық туралы келісім әзірлеу, су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп тиімді пайдалану, көлік-сауда байланыстарын кеңейту және өңірлік қауіпсіздікті күшейту бағыттары бар. Айта кетейік, бастапқыда Орталық Азияның бес мемлекетін біріктірген бұл алаңға былтыр Әзербайжан толыққанды қатысушы ретінде қосылды. Бұл – ынтымақтастық ауқымының кеңейіп, жаңа мүмкіндіктердің ашылып келе жатқанын көрсетсе керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz