Биыл республикалық бюджетке түскен корпоративтік табыс салығының көлемі 15,7 пайызға артты.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің баяндауынша, жоғары өсім қаржы секторы мен өңдеу өнеркәсібінде байқалады. Келер жылдан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу шегі ұлғайтылып, кәсіпкерлердің есептілік жүктемесі жеңілдейді. Сондай-ақ жиында бизнес саласының қазіргі ахуалы, салық реформасының алғашқы нәтижелері және кәсіпкерлердің қызметін әділ реттеу тетіктері қаралды. Айта кетерлігі, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға көбейіп, бизнесті жасанды түрде бөлшектеу тәжірибесі айтарлықтай азайған. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік сектордың жай-күйіне ай сайын кешенді талдау жүргізіп, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #үкімет #салықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz