RU
Толық нұсқаға өту

Әмірліктер саяси өзгеріске асықпайды

02.08.2026, 19:30 37

Таяу Шығыс ауқымды реформалар кезеңіне аяқ басты. Бірқатар араб Мемлекеті басқару жүйесін жетілдіріп, саяси тұрғыда белсенді бола бастады.

Ал Біріккен араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Қатар, дәстүрлі монархиялық билікті сақтап қалады. Демократия құндылықтарын қоғам өміріне енгізуге келгенде бұл шығанақ елдері айтарлық өзгеріске асықпайды. 

Біріккен Араб Әмірліктері - жеті дара әкімшілік аумақтан құралған федеративтік мемлекет. Жарты ғасырдан бері монархиялық билік жүйесін ұстанып келеді. Басты ерекшелігі, президенттік басқару жүйесіне де бейімделген. Бірақ бұл жалпыға ортақ демократиялық құндылыққа сай жүйеден ерекшеленеді. Өйткені елде тікелей халық сайлауы өтпейді. Еуропа мен америкалық құқық институттары осы жайтқа айрықша назар сала бастады.

Мұхаммед Бен Заид Әл Нахаян, БАӘ президенті:

- Батыс елдері бізге сайлау өткізу керегін айтады. Бірақ егер ертең Дубайда осындай науқан жүргізсек, билікке "Мұсылман бауырлар" атымен танылған лаңкестік қозғалыстың келмеуіне кім кепіл?! Біз аймақтағы саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесін бірінші кезекте ескеруіміз керек.

Бұл елдегі саяси элита арасында қызу пікірталас туғызды. Өйткені араб қоғамында батыс елдерінде білім алып, тәжірибе жинап қайтқандар көп. Кейбірі сол жаққа тән құндылықтарды шығанақ жеріне бейімдеп әлек. Соған қарамастан, сарапшылар жағдай жақын арада өзгере қоймайды деген пайымда.

Обаид Әл Зааби, Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:

- Біріккен Араб Әмірліктерінің билік жүйесі жүздеген жыл бойы қалыптасқан. Дәстүрге сүйенеді. Монархиялық басқару - қоғам қабылдаған құндылықтың бірі. Басқа елдерде жұмыс істейтін жүйелердің барлығы бізге сәйкес келе бермейді. Сондықтан өзімізге тән үлгіден бас тартуға мүдделі емеспіз.

Бір белгілісі әмірліктер демократиялық бастамалардан мүлде алыстаған емес. Керісінше президенттік жүйеге қатысты бетбұрысты шешімді өңірде бірінші болып қабылдады. Кейін үдеріс біраз баяулады.

Махер Әл Кааби, кәсіпкер, бизнес саласы бойынша сарапшы:

- Біздің ел басшыларына үлкен қысым жасалып жатыр. Барлығы жедел өзгеріп кететін өңірде күрделі шешімдер қабылдап, тәуекелі басым дүниелерді жасады. Осындай тұрақтылық ұзақмерзімді жоспарлауға оң әсер етеді. Бизнес өкілі ретінде мұның пайдасын көріп жүрміз.

Қалай дегенмен араб мемлекеті дәстүрлі құндылықтардан әзірге бас тартпақ емес.  Жалпыхалықтық сайлау өткізу жөніндегі бастамаға да үзілді-кесілді қарсылық жоқ. Бірақ сарапшылар “қоғам мұндай өзгеріске эволюциялық жолмен келеді” деп болжайды.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz