Құрылтай сайлауына түсетін партиялар қала мен ауыл-аудандарды аралауын жалғастырды.
Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүр. Партия өкілдері өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
«Әділет» партиясы әйелдер форумын өткізді
Ақтөбеде әйелдер форумы өтті. Алқалы жиынды "Әділет" партиясының әйелдер қанаты ұйымдастырды. Республикалық шараға елдің барлық өңірінен мыңнан астам делегат қатысты. Форумның басты мақсаты қоғамдағы көкейкесті мәселелерді талқылау. Ана мен баланың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тойтарыс беру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту сияқты түйткілді тақырыптар сөз болды. Жиынға "Әділет" партиясының республикалық сайлауалды штабы өкілдері де қатысты. Құрылтай депутаттығына үміткерлер бұған дейін 6 өңірде сайлаушылармен жүздесті. Ал Ақтөбеде әйелдер форумынан кейін ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және креативті жастармен кездесу өткізеді.
Шолпан Каринова, "Әділет" партиясы төрағасының кеңесшісі:
- Гендерлік саясат және гендерлік теңдік мәселесі де әйелдерді мазалайды. Сол тұрғыдан мына қай мамандықтарды еңбекақыны тең жағдайында әйелдер жұмыс істей алады деген мәселе де бар. Тағы бір күрделі мәселе ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі. Мемелекет басшысы бұл мәселеге назар аударып, оны жоққа шығаруымыз керектігін тапсырған болатын. Сондықтан біз осы мәселеге назар аударатын боламыз.
"Respublica" партиясының мүшелері кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті
"Respublica" партиясысың өкілдері Қызылордадағы бірқатар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Партия мүшелері алдымен Жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенінде болып, бірнеше өндірістік цехтың тыныс-тіршілігімен танысты. Ұжыммен өткен ашық диалог форматындағы жиында «Respublica» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Жұмысшы қауымға құжаттың негізгі бағыттары мен басымдықтары егжей-текжейлі түсіндірілді. Бұдан бөлек партия өкілдері облыс орталығындағы кірпіш зауытының ұжымымен жүздесті. Кездесуде сайлаушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жалынбек Жайнарбай, "Respublica" партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Үгіт-насихат науқаны аясында партияның жоспары қандай, партия алдағы күнде не істей алады, бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар істелді деген сияқты мәліметтерді беріп өттік. Қазіргі күнде менің байқауымша, бізді өте жақсы қарсы алып, жаңағы саяси активный екенін көрсетіп, сондай бір мен жақсы әсер алып жатырмын Қызылорда қаласынан.
ҚХП өкілдері теміржолшылармен кездесті
Қазақстан халық партиясының өкілдері Семейде теміржолшылармен кездесті. Сала өкілдері зейнет жасына жақындағандарды еңбекпен қамту мәселесін көтерді. Жұмысшылар «Күміс жас» жобасы туралы пікір алмасып, егде жасқа таяғандарға арналған оқу орнын ашу, олардың экономикалық белсенділігін сақтауға көмек беру туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар жалдамалы жұмыскерлердің еңбек құқығын қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.
Халел Мақсұтов, ҚХП төрағасының орынбасары:
- Осы теміржолшылар 5 мыңдай адам жұмыс жасайды екен, сол енді бүгін басшылармен кездесіп, өзіміздің тақырыбымызды болашақтағы бағдарламаларымызды түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өз ісіне адал болатын, заңды құрметтейтін, өзінің ісі мен жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, отбасына, қоғамға, мемлекетке, соған қызмет ететін адамдарды осы адал қызметі үшін кездескен уақытта осы азаматтарға көп-көп рақметімізді айттық.
"Ақ Жол" партиясы: кандидаттар еңбек ұжымдарымен кездесті
"Ақ жол" демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Жамбыл облысына барды. Партия өкілдерінің өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат науқаны Меркі ауданынан бастады. Алғашқы жүздесу 70 жылдық тарихы бар "Меркі" шипажайында өтті. Еркін форматтағы басқосуға өңір кәсіпкерлері, аудан тұрғындары қатысты. Жиналған қауымға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сондай-ақ дәл осындай жиын "Меркі қант зауытында" да өтті. Онда отандық өндіріс пен бизнесті қолдау, тауар өндірушілерге барынша қолайлы жағдай жасау мәселесі сөз болды.
Дания Еспаева, "Ақ Жол" демократиялық партиясының төрағасы:
- Ең бірінші біздің мақсатымыз әрбір ұжыммен кездесуде міндетті түрде бүгінгі күнде халықты қандай мәселелер толғандырады, соны талқылап, сонымен қатар өзіміздің "Ақ Жол" партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстыру. Халықтың көтеріп отырған көптеген сұрақтары: несиеге байланысты.
"Ауыл" партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті. Қызылжар ауданы Якорь ауылында өткен басқосуға құс фабрикасының ұжымы және ветеринарлар қатысты. Халыққа саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, құс шаруашылығы мен ветеринария саласын қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ кандидаттар Атыраудағы бекіре өсіру зауытының ұжымымен кездесті. Әуелі кәсіпорынның жұмыс барысын көріп, шабақ өсіру технологиясымен танысты.
Рабиға Тоқсейітова, "Ауыл" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Осы уақытқа дейін 200 ауылға біздің группаларымыз жетті. Ауылды мекендерде тұрып жатқан адамдарға өзіміздің ана бағдарламамызды жеткіздік. Оның ішінде қандай-қандай мәселелерді қойып жатқанымызды оны жеткіздік.
ЖСДП өкілдері сайлауалды кездесуін жалғастырып жатыр
Өскеменде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері жұртшылықпен кездесті. Қала тұрғындары өнеркәсіптік аймақтағы экологияны жақсарту, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, жастарды жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Өңірде жұмысшы мамандар жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе Шығыс Қазақстан облысының Ресей және Қытаймен шекаралас аудандарында өзекті.
Ал Шымкентте Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиында зейнетақы жинағын басқару, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру және аурухананы жарақтандыру мүмкіндіктері талқыланды. Сөз алғандар қатысушылардың сұрақтарында жауап беріп, ашық диалог орнатты.
Қуандық Нұржау, ЖСДП филиалы төрағасының м.а.:
- Үгіт-насихаттық жұмыстарды жүргізу мақсатында аурухана қызметкерлерімен кездесіп, өзіміздің бағдарламамен таныстырып, ол кісілердің көкейінде жүрген сұрақтарын тыңдадық. Басты көтеріп жатқан сұрақтары зейнет жасын төмендету, азық-түлік бағасының көтерілуі, көпшілікті осы мәселелер алаңдатады.
Тегтер #құрылтай 2026 #партия #сайлау #кездесу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz