Құрылтай сайлауына түсетін партиялар қала мен ауыл-аудандарды аралауын жалғастырып келеді. Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүр.
Партия өкілдері өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
«Әділет» партиясының мүшелері тұрғындармен кездесті
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Батыс Қазақстан облысына барды. Жұмыс сапары Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында басталды. Тұрғындар энергетиканы дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық аумақтарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін көтерді. Одан кейін кандидаттар Орал трансформатор зауыты мен «QazaqGaz Aimaq» компаниясының филиалында болды. Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірістерді жаңғырту және қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселелері сөз болды. Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударды. Жұмыс күнінің келесі бөлігі «Атамекен» өнер сарайында мәдениет және креативті индустрия өкілдерімен кездесумен жалғасты. Қатысушылар шығармашылық мамандықтарды дамыту, мәдениет саласындағы заңнаманы жетілдіру және креативті экономиканы мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады. Сапардың соңғы нүктесі «Жайық Арена» спорт кешені болды. Мұнда сайлауалды штаб мүшелері елдің даму бағыттары жөніндегі нақты көзқарастарын жастармен бөлісіп, пікір алмасу сұрақ-жауап сессиясында жалғасты.
Айдос Сарым, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Үш АЭС салайын деп жатырмыз. Энергетика саласын түгелдей жаңалаймыз. Қала-қаладағы, облыс-облыстағы жылу орталықтары бар, электр жүйесі бар, ескіргені бар, тозғаны бар, осының барлығын жаңарту, алдағы бесжылдықтың үлкен міндеті. Оған ақша бөлінейін деп жатыр.
Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесті
Respublica партиясысың өкілдері Түркістандағы бірнеше кәсіпорында болды. Алдымен тоқыма өнеркәсіптік кешенінің, одан кейін өндірістік аймақтағы кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Еңбек ұжымдарына партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар таныстырылды. Өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелері талқыланды. Партияның сайлауалды штабының мүшелері «Ақжайық» музыка мектебінің ұжымымен кездесуде қосымша білім беру жүйесін дамыту, жастарды қолдау жайында пікір алмасты. Ал мерзімді әскери қызметін өтеген жастардың тегін білім алуы, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі – «Фараб» кітапханасындағы жастармен кездесудің басты тақырыбына айналды. Вейптерге толық тыйым салу, лудоманияға қарсы заңнаманы күшейтуге ерекше назар аударылды.
Олжас Құспеков, «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Біз негізі жастар партиясымыз. Жастардың көп сұрақтары, қызығатындай ұсыныстары бар екен. Жастар кәсіпкерлігі бар, жастардың жатақханасы бар, жастардың тәжірибеден өтуі, жұмысқа орналасуы барлық сұрақтар - ол осы күнге дейін де болған нәрселер.
ҚХП өкілдері кәсіподақ жетекшілерімен кездесті
Павлодарда Қазақстан Халық партиясының өкілдері кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған еңбек және әлеуметтік салаға қатысты ұсыныстар таныстырылды. Кездесу барысында кәсіподақ ұйымдарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Тараптар еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі, жалақының уақытылы төленуі, әлеуметтік қолдау, кәсіподақтардың еңбек ұжымдарындағы рөлі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту және ауыл жастарын жұмыспен қамтуға қатысты ойларын ортаға салды.
Асылбек Нұралин, ҚХП мүшесі, ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Еңбекшілеріміздің өкілдері осы жерде болды. Олар бізге көптеген сұрақ қойды. Өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар біз әлеуметтік мәселеге де көп көңіл бөлуіміз керек. Инвестиция туралы да айттық. Бұл мәселе елдің ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі деп ойлаймын.
«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
«Ақ жол» партиясының кандидаттары Жамбыл облысындағы үгіт-насихаттың екінші күнінде былғары мен аяқ киім өндіретін зауатқа барды. Өндіріс орнын аралап, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Құрылтай сайлауының маңызы түсіндіріліп, саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Жиын барысында өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелері көтерілді. Дәл осындай шара Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында жалғасты. Медицина қызметкерлер саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
- Қазір «ТаразКожОбувь» 65 жылдық тарихы бар керемет өндіріс. Бірақ бүгінгі күні 25 пайызға дейін жұмыс істеп тұр. 100 пайыз жұмыс атқаруы үшін кедергілер бар. Сол кедергілерді шешу үшін болашақта заң бойынша шешімдер табуымыз керек.
«Ауыл» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ауыл» партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысында сүт зауыты мен тұрғындарды ауыз сумен қамтып отырған коммуналдық мекеме ұжымымен кездесті. Басқосуда сүтті мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және ауыз су мәселелері талқыланды. Партия өкілдері тұрғындармен пікір алмасып, ауылдық жерлерде қандай түйіткілді мәселелер барын білді. Халыққа саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Партия төрағасы өңір тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жүздесуде ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты өзекті мәселелер сөз болды.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- Құрылтайдың 69 кандидаты Қазақстан бойынша барлық өңірде жүр. Ақмола облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстанда. Енді қалған 3 аптада әлі 7 өңірді аралап шығамын. Бүгінгі кездесу өте жақсы өтті, жұмысшылармен сөйлестік, технологтармен сөйлестік.
ЖСДП өкілдері аймақтарда кездесу өткізді
Қостанайдың саябақтарында суперқаһарман пайда болды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі осындай кейіпке еніп, тұрғындарға үгіт-насихат материалдарын таратты. Белсенді сайлаушыларға алдағы Құрылтай сайлауы мен партияның сайлауалды бағдарламасы туралы айтып берді. Промоакция барысында коалиция өкілдері ондаған қоғамдық орындарда болып, жұртшылықпен жүздесті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері еңбек ұжымдарымен де кездесті. Ақмола облысында депутаттыққа кандидаттар Сандықтау ауданындағы орталық кітапханада болып, қызметкерлермен мәдениет және білім саласы жұмыскерлерінің еңбек жағдайын талқылады. Кітапханашылар мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, жалақы жайы, ауылдағы инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтерді.
Ербол Аханов, ЖСДП партиясы облыстық филиалының өкілі:
- Акцияның ерекшелігі неде десеңіз, қала көшлереніне біздің социал-демократ суперқахарманы шығып біздің партияның ақпараттық парақшаларын таратып, жетістіктермен таныстыру. Яғни, біздің елімізге жаңа парламент, жаңа суперқақарман қажет. Тұрғындарды атқарған жұмыстармен таныстырудамыз. Тұрғындардың қабылдауы өте жақсы негізі.
«Байтақ» партиясының бастамасымен эко-керуен жолға шықты
Қызылорда облысында «Байтақ» жасылдар партиясының республикалық эко-керуені жолға шықты. Акцияның ресми ашылуы Арал қаласындағы «Балықшылар аллеясында» өтті. Шара барысында жергілікті белсенділерге партия туы табысталды. Қатысушылар жалауға өз қолтаңбаларын қалдырып, бұл сәтті естелікке айналдырды. Керуен елдің алты облысы мен республикалық маңызы бар екі қаланы қамтып, Астанада түйінделеді. Он күндік сапар барысында партия өкілдері тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырады. Сонымен қатар әр өңірдегі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді талқылау жоспарланған.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
- Агитациялық экологиялық керуенді Арал қаласынан бастады. Арал қаласынан бастағанымыздың себебі – Арал. Ол әлемдік дәрежедегі экологиялық катастрофа. Тәуелсіз Қазақстан Көкарал бөгетін құрып, салып, кіші Аралды қайта орнына келтірді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай 2026 #сайлау #партияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz