RU
Толық нұсқаға өту

Партиялармен сайлауалды кездесуде қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілетін арттыру айтылды

07.08.2026, 21:00 34

Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалды.

Осыған орай бүгінде партиялар да үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Олар өңір-өңірді аралап, жұртшылыққа сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жатыр.

"Әділет" партиясы бастауыш ұйымдарының форумы  

Шымкентте «Әділет» партиясының бастауыш ұйымдарының форумы өтті. Оған еліміздің барлық аймақтарынан екі мыңнан астам партия өкілі қатысты. Басқосуда цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту, білім, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды. Бастауыш ұйым өкілдері азаматтармен байланыс орнату және мәселелерді жер-жерде шешу туралы ұсыныстарымен бөлісті. Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Партия өкілдері сайлау науқаны барысында бірқатар іс-шара өткізбек.

Гүлісхан Нахбаева, "Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Көптеген өңірлерді араладық. Зерттеулер нәтижесіне қарайтын болсақ, халықты бірінші тұрғын үй мәселесі мазалайды, екіншісі - ол жұмыспен қамту мәселесі, үшіншісі ол сапалы білім, ғылым, инновация сияқты түрлі-түрлі өзінің, адамның әлеуетін дамытуға бағдарланған мәселелер қарастырылады.

Respublica партиясының өкілдері өндірісті аралады

Respublica партиясы да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алматыда партия өкілдері индустриялық аймақтағы өндіріс орындарын аралап, жұмысшылармен кездесті. Кездесу барысында кәсіпорындардың қазіргі жағдайы, өндірісті дамыту және еңбек ұжымдарын алаңдатқан мәселелер талқыланды. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлерге тұрақты әрі әділ ереже қалыптастыру және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тілге тиек болды. Партия өкілдері жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды сайлауалды бағдарламасында көтерілген бастамалармен таныстырды. 

Сырымбек Тау, Respublica партиясының тең төрағасы:

- Шағын және орта кәсіпкерлер жалпы Қазақстандағы 9 миллион адам жұмыс істейтін болса, соның 4,5 миллионына жұмыс беріп отыр. Әр өңірде біз кәсіпкерлермен қандай проблема бар, қандай шешімі табылмай жатқан дүниелер бар осыны мұқият тыңдап жүрміз. 

ҚХП медицина қызметкерлерімен кездесті 

Қазақстан халық партиясының өкілдері Семейде денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын талқылады. Кездесуге 100-ге тарта дәрігер, орта медициналық буын өкілдері, ғалымдар, салалық мекемелердің қызметкерлері қатысты. Олар ауылдық елді мекендердегі дәрігер тапшылығы, жалақы жайы, жас мамандарды даярлау сынды өзекті мәселелерді көтерді. Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау саласының жұмыс сапасын арттыру туралы пікірлерін айтты.   

Ләззат Ақтаева, Қазақстан халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:      

- Абай облысы жаңа облыс болғандықтан ең өзекті сұрақ инфрақұрылым. Облыс үлкен, сондықтан алғашқы медициналық көмектің  нысандарын көбейту керек. Ауылдарда фелдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялардың санын көбейту керек, себебі бірінші сол алғашқы медициналық көмек науқастарға, тұрғындарға жақын болу керек.

"Ақ Жол" партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясы өкілдері Қарасай ауданындағы «ANSAR FOODS» еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, кәсіпкерлер мен еңбек адамдарына қатысты бастамалар талқыланды. Кездесу барысында отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстар айтылып, қатысушылар саланы дамытуға қатысты пікір алмасты. 

Қазыбек Иса, "Ақ Жол" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Макарон шығатын зауыт, мысалы, 50-ге жуық жұмысшысы бар екен. Одан кейін айына 140 тоннаға дейін өнім шығарады екен. Олардың мәселесі салықты төмендету мәселесі. Сондықтан осы бағытта жұмыстарыңызды жалғастырсаңыздар деген секілді өздерінің ойларын айтты.

"Ауыл" партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр 

«Ауыл» партиясының кандидаттары Өскеменде экологтармен кездесті. Өйткені өндіріс ошағы көп шоғырланған Өскемен үшін бұл сала өте өзекті. Сондықтан партия өкілдерімен кездесуде аймақта экология мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйым мүшелері келді. Өңірдегі экоахуалды жақсарту үшін атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ұсыныс пікірлерімен бөлісті. Бұдан соң «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» компаниясы ұжымымен кездесті. Қатысушылар кандидаттарға сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қайрат Айтуғанов, "Ауыл" партиясының төрағасы:

- Мысалы, қазір 25-30 центнер алса, оның ішінен қарап отырмыз 52 пайызы таза май. Бізде экспортта май дақылдары әлем бойынша сұранысы көп. Өзбекстанға, Қытайға, көп мемлекеттерге осы майды осы Қазақстан жіберіп жатыр. Жыл сайын Қазақстанда май дақылдарының алаңы көбейіп жатыр. 

"Байтақ" партиясының мүшелері  ЖЭО-2 ұжымымен кездесті

«Байтақ» партиясының өкілдері Алматы қаласындағы жылу электр орталығында болды. Кездесуге 200-ден астам маман қатысты. Онда «жасылдар» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ұйым жұмысының басым бағыттары баяндалды. Сондай-ақ жұмыскерлерді толғандырған сұрақтарға сол жерде жауап берілді. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау мен оны сақтау ғана емес, қоғамдық көлікті дамыту және коммуналдық қызметтердің қаладағы экожүйедегі рөлі кеңінен талқыланды. Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен тікелей диалог орнату өзекті мәселелерді анықтап, әр азаматтың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.

Алма Қараш, "Байтақ" жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- «Байтақ» жасылдар партиясы 2023 жылдан бері Алматыда қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда біздің партияның сегіз мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Біз жылдам нәтиже немесе қысқа мерзімді тиімділікке ұмтылмаймыз. Қолға алынған әр іс болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсе дейміз. Сондықтан біз ұзақ мерзімді мақсаттар туралы ой қозғадық. Ал оған жетудің жолын дәл бүгіннен бастау қажет.

ЖСДП кандидаттары инклюзия мәселесін талқылады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағандыда аутизмге шалдыққан  балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесуде жүйелі қолдау, инклюзивті білім берудің қолжетімділігін арттыру сынды өзекті мәселелер талқыланды. Ата-аналар білім беру және медициналық қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін кешенді көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесіне назар аударылды. Ал Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды орталық штабының отырысы өтті. Іс-шара барысында партия басшылығы мен кандидаттар үгіт-насихат науқанының аралық нәтижелерін жариялады.

Мақсұт Насибулов, ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат

- Біздің партиямызда 33 кандидат бар. Барлығы да өз ісінің мамандары. Әр саланы қамтыдық. Сондықтан да біз үлкен, мықты іскер, кәсіпқой азаматтармен бұл сайлауға бара жатырмыз. Қазіргі есептің барысында әртүрлі жобаларымыздың нәтижелерін көріп жатырмыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz