23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына Түркиядағы қазақстандықтар да қатыса алады.
Дауыс беру үшін ел астанасы Анкарадан бөлек Ыстамбұл, Анталия және Измир қалаларында сайлау учаскелері ашылады. Түркияда жүрген отандастарымыз өз таңдауын осы шаһарларға барып жасай алады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркия қазақстандықтар жиі ат басын бұратын шетелдік бағыттардың бірі. Әсіресе жаз айларында елдің туристік өңірлеріне тынығуға келетін отандастарымыздың қатары қалыңдай түседі. Арасында қысқа мерзімге саяхаттап келгендер де, осында жұмыс бабымен жүрген азаматтар да бар. Сондықтан олардың конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін Түркияның төрт қаласында дауыс беру учаскелері жұмыс істейді.
Ел астанасы Анкарадан бөлек Ыстамбұл, Анталия және Измир қалаларында да қазақстандықтар дауыс бере алады. Сайлау учаскелері 23 тамыз күні таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастап, кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады.
Анкарадағы сайлау учаскесіне 42 қала бекітілген. Яғни осы қалаларда жүрген отандастарымыз елшілік жанындағы учаскеге келіп, өз таңдауын жасай алады. Ал Түркияның өзге өңірлерінде жүрген азаматтар өздеріне қолайлы учаскеге барып, сайлауға қатыса алады.
Жеңісбек Сүйіндіков, Қазақстан азаматы:
- 24 тамызда болатын Құрылтай сайлауына барып, өзімнің даусымды беруге ниеттімін. Анкарада жұмыс жасап жатқаныма 1 жылдан асты. Осы жақта тұрсақ та біз Қазақстанда, елімізде болып жатқан саяси науқандарда мән-жайға қарай отырып, соларға өзіміздің азаматтық позициямызды көрсетіп тұрамыз. Енді осы алда болатын Құрылтайға да барып, өзімнің таңдаған партияға дауысымды беріп, үлесімді қосамын деп ойлаймын.
Түркиядағы қазақстандықтардың арасында еңбек етіп жүрген азаматтармен қатар білім алып жатқан жастар бар. Қазір олар да сайлау науқанын назардан тыс қалдырмай, өз таңдауын жасауға дайындалып жатыр.
Бекзат Бекболат, Анкара Университетінің магистранты:
- Түркияда жүргеніммен елдегі саяси оқиғаларға құлағымыз түрулі. Өйткені бұл өте маңызды сайлау. Өзім алғашқы дауысымды Парламент сайлауына берген болатынмын. Құдайқаласа, жаңа Құрылтай сайлауы және сайланған депутаттарымыз еліміз үшін, мемлекетіміз үшін пайдалы болады деген сенімдемін. Әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, дауыс бергені абзал деп ойлаймын.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркиядағы сайлау учаскелерінің мекен-жайы мен дауыс беру тәртібі туралы ақпарат Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ресми сайтында жарияланады. Ал дауыс беру тәртібі Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ол үшін азаматтарымыздың сайлау күні өзіне қолайлы учаскеге барып, жеке құжатын көрсетуі жеткілікті. Осылайша елден жырақта жүрген отандастарымыз да 23 тамызда Құрылтай сайлауына қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасай алады.
Ә.Нұрлыбаева
Тегтер #құрылтай 2026 #Түркия #дауыс беру учаскесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz