RU
Толық нұсқаға өту

Президент қоғам қайраткерлерін марапаттады

12.08.2026, 19:00 31

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Оның қатарында суретші Бәтима Зәуірбекова, ғалым Тұрсын Жұртбай, мемлекет қайраткері Александр Судьин, театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченко бар. Мемлекет басшысы мезіретпен шектелмей, әрқайсысының ел дамуына қосқан үлесіне жеке-жеке тоқталды. Еңбектерін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

Бес саланың биігін бағындырған бес майталман. Бұл көріністі осылай суреттеуге болады. Бұл − атын атап, түсін түстеуді қажет етпейтін тұғырлы тұлғалар. Бүгін Ақорда есігі оларға айқара ашылып, Президент Бас резиденцияда марапат төріне шығарды. Саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнаған тұлғаның бірі − Тұрсын Жұртбай. Қарымды қаламгер төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосты. Қайраткер I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мұндай құрметке толқыған тұлға өткен ғұмырына көз жүгіртіп, «бекер өмір сүрмеппін» деген ой түйді.

Тұрсын Жұртбай, әдебиеттанушы, ғалым, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:

- Әр адамның ғұмыр бойының жанкешті еңбегінің нәтижесінің еленгенінің өзі кәрі жүрекке күш қуат бітіреді. Тегін өмір сүрмеппін ау деген жұбаныш әкеледі. Сол жұбаныштың жылылығы жүрегімді жылытып тұр.

Ғалымның артында қалдырған ізі аз емес. Бар ғұмырын ел тарихын түгендеуге арнап, талай жаңалықтың бетін ашты. Әңгімелесу барысында жуырда ғана ең биік арманы орындалғанын айтты.

Тұрсын Жұртбай, әдебиеттанушы, ғалым, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:

- Ұзақтан бері табылмай жүр деп өкініп жүрген, өкініп өтетін шығармын деген бір идея, ол - бүкіл қазаққа ортақ ұлттық идея еді. Алтын Орда хандығының қазақ хандығы заңды мұрагері және Жошы ұлысы деген ұлттық идея. Бұл қорғанысыңды да, жеріңді де, аспаныңды да, ауаңды да, адамды да, тағдырды да, намысыңды да, үркенді де, кішіні де біріктіретін. Мен Алтын Орданың заңды мұрагерімін.

Ал актер, театр режиссері Нұрқанат Жақыпбай «Қазақстанның халық әртісі» атағын иеленді. Президент оның төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, режиссер 150 шәкірт тәрбиелеген. Өз сөзінде бұл марапат Жастар театры ұжымының жеңісі деді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты қызықты оқиғамен бөлісті. Президент «Жан пида» романының желісімен жазылған қойылымның премьерасына барыпты. Бұл шығармашылық ұжым үшін күтпеген жаңалық болған.

Нұрқанат Жақыпбай, актер, театр режиссері, Қазақстанның халық әртісі:

- Айғайлатпай өзі билет сатып алып келді. Бұл кісінің қарапайымдылығы сондай. Ол кісінің келгенін ел білмейді.  Өзінің билетін бақылауға беріп, мен қарап отырдым, сол жерден шығып кетті де театрдың ішіндегі суретті қарап жүрді. Кейбір жерін сұрады, мынау былай емес еді ғой. Иә, былай емес, афишадан қарасаңыз басқа шығармаларды қосқанмын. Әртістер де ол кісінің келгенін білмейді.

Марапат төріне көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені табысталды. Ол елдегі гобелен өнерінің негізін қалаушы.

Ұлттық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерге өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Суретші 200-ден астам туындының авторы. Бәтима Зәуірбекованың үздік туындылары Қазақстан мұражайларымен қатар, Австралия, Германия, Франция, АҚШ, Италия сынды елдерде жеке коллекцияларға енген.

Наталья Боженова, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің бөлім жетекшісі:

- Бүгінгі марапат - суретшінің ұзақ жылғы еңбегі, таланты мен шеберлігінің лайықты бағасы деп ойлаймыз. Ол - Қазақстанның мақтанышы. Келесі айда суретшінің 80 жылдығына арналған жеке көрмесі ашылады. Біздің қорымызда 18 туындысы сақтаулы. Бәтима Зәуірбекованың шығармашылық диапазоны өте кең. Оның туындыларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, ұлттық болмысы кеңінен көрініс табады.

Бұдан бөлек, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені берілсе, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz