RU
Толық нұсқаға өту

Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары басталғалы 3 апта өтті

12.08.2026, 21:10 31

Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары басталғалы 3 аптадай уақыт өтті. 10 күннен кейін дауыс беру басталады. Осыған байланысты партиялардың қала мен ауыл-аудандарды аралауы қарқын алды. 

Саяси бірлестік мүшелері азаматтарға сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр.

«Әділет» партиясының өкілдері тұрғындармен жүздесті

«Әділет» партиясының өкілдері Жетісу облысының тұрғындарымен кездесті. Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен түрлі сала өкілдері қатысқан басқосуда сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Ашық диалог форматында өткен жиында көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер қозғалды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жергілікті жерлердің қаржылық дербестігі тақырыбы сөз болды. Партия өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстарды сайлауалды бағдарламаның бағыттарымен байланыстырды. Сонымен қатар Жетісу облысының ерекшеліктерін ескере отырып, туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті ілгерлетіп, шекаралық аймақтардың дамуы секілді  маңызды мәселелерге де назар аударылды.

Жанарбек Әшімжан, Әділет партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Жетісу, Алматы облыстары осы шекаралық өңірлерге қатысты әлеуметтік ахуалын, ол жердегі кадрларды тұрақтандыру, жаңадан келіп жатқан денсаулық сақтауға, білім, бизнес саласына қатысты, елге жастарды тарту, тұрақтандыруға байланысты нақты бастамалар бар.

Respublica партиясының кандидаттары атыраулықтармен кездесті

Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Атырауда еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесті. Саяси бірлестіктің республикалық үгіт-насихат тобы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, сайлауалды бағдарламасын бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Жиындарда отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамын қолдау мәселелері талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар белсенді жастармен де жүздесті. Олардың бастамалары мен үздік жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сәкен Қарин, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Бүгін біз екі-үш мекемені аралап өттік. Ол мекемелер жалпы қазақстандық өнім шығаратын мекемелер. Біздің қазақстандық өнім болған соң оларды қолдауымыз керек. Олар шетелден келіп жатқан өнімге теңбе тең келеді және сапасы төмен емес. Тиімді несиелер. Салықтық льготалар қажет. Оның бәрін заңға енгізу керек.

«Ақ жол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Павлодардағы азық-түлік өнімдерін өндіретін компанияның еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді. Партия төрағасы Дания Еспаева сайлауалды бағдарламасы мен негізгі бағыттарын таныстырды. Жиналғандармен отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау, еңбек адамдарының мүддесін қорғау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жайы талқыланды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Жұмысшылар толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Партияның штаб өкілдері кездесу аяқталған соң пойызбен Семейге жолға шықты. Ертең үгіт-насихат Абай елінде жалғасады.

Берік Дүйсенбинов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Күнделікті бағаның өсуі мен жалақының осы бағаға жете алмауы. Бүгін халықты толғандырып отырған осы. Оның үстіне мына кәсіпкерлерді толғандырып отырған салықтың орынсыз көтерілуі. Осындай өзгерістер, кәсіпорындардың тағдырына әсер етер өзгерістер бізбен ақылдасып шешілсе дейді.

«Таза ауыл» акциясы өтті

«Ауыл» партиясы шымкентте «Таза ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараға 150-ге жуық студент пен партия белсенділері атсалысты. Жастар қала іргесіндегі Бөржар бұлағының көзін ашып, айналасын күл-қоқыстан тазартты. Су көзінің маңын ретке келтіріп, аумақты абаттандырды. Ал тұрғындар эко-акцияның қоршаған ортаны қорғаумен қатар, жұртшылықты ортақ іске ұйыстыра түскенін атап өтті.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

- Үлкен іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қазір 150 студент бар, жастар бар. Бұлақтың көзін ашып, тап-таза қылып жатырмыз. Біз «Таза ауыл» деген жаңа бағдарлама бастадық. Біз қалада да жұмыс істейміз. Негізі біз «Ауыл» партиясы болған соң ауылдамыз. Ауылды тазалап, «Таза ауыл» деген бағдарлама құрдық.

ЖСДП өкілдері үгіт-насихат флешмобын ұйымдастырды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері Ақтөбеде «20 белес» үгіт-насихат флешмобын өткізді. Партияның белсенді мүшелері тұрғындарды алдағы саяси науқанға қатысуға шақырды. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт-насихат парақшаларын таратты. Бұған дейін олар коммуналдық сала, киберқылмыспен күрес, инклюзивті орта қалыптастыру мәселелері бойынша бірнеше кездесу ұйымдастырды. Ал Семейде кандидаттар қала тұрғындарымен интерактивті жұмыс сессиясын өткізді. Тұрғындар облыс орталығындағы ең өзекті мәселелерді атап, оларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

Рустем Сарманов, ЖСДП Абай облыстық филиалының төрағасы:

- Артымызда қаламыздың үлкен картасы тұр. Мұнда тұрғындар өздері үшін маңызды мәселелері бар жерлерді белгілей алады. Мысалы, жолдардың жағдайы, балалар алаңдары, әлеуметтік нысандар немесе экология мәселелері. Қазір тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдаймыз. Кейін оларды саралап шешуді қажет ететін негізгі мәселелерді анықтаймыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz