RU
Толық нұсқаға өту

Саяси партиялардың кезекті теледебаты өтті

12.08.2026, 23:10 33

Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде теледебат өтті. Онда 7 партияның өкілдері ой алмасып, Заң мен тәртіп тақырында пікір таластырды.

Басты ерекшелігі бұл жолы партиялықтар сөз сайысына топ болып қатысты. 

Дебат - орамды оймен, сүбелі сөздің сайысы. Мұнда озық идеялар талқыға түседі. Ал ол идеялар ел болашағына әсер етіп, сөз сайысы саяси сыйпат алатын болса, маңызы арта түседі. Бүгінгі пікірсайысты осылай пайымдаса болатын секілді.

Кешқұрым «Қазмедиа орталығы» ту көтеріп, үнпарақтар ұстаған жастарға, саясаткерлер мен сарапшыларға толы болды. Олар құрмет алаңымен жүріп өтіп, сөз сайысы өтетін студияға беттеді. Қолдаушылардың да, қатысушылардың да қарқыны қатты.

Пікірталас төрт кезеңнен тұрды. Алдымен партия өкілдері өз сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, талқылады. Кейін журналистер мен жұрт жолдаған сауалдарға жауап берді. Артынша қатысушылар өз ара пікір алмасты. Заң мен тәртіп тақырыбында идея жарыстырды.

Еркежан Күнтуғанқызы, Jibek Joly телеарнасының директоры:

- Бұл дебаттың басты ерекшелігі бұл командалық теледебат. Бұл бірінші рет қазақстандық нарықта осындай теледебат жасап жатырмыз. Әр партия осыған дейін өздерінің лидерлерін, көшбасшыларын шығарып отырса,  бүгін бізде олар командалық жұп болып өнер көрсетеді.

Сөз сайысынан халық та қалыс қалмады. Көрермендер QR кодтар арқылы өтіп дауыс берді. Ал әлеуметтік желілерде тұрғындар толғандырған сауалдарын жолдап, жауабын тыңдауға мүмкіндік алды.

Бекдайыр Күзенбай, Республикалық Әкелер одағы төрағасының орынбасары:

- Халықтың негізгі ұсыныстары, дебатқа көңіл бөлуі қатты қуантады. Неге десеңіз, бұл дамыған мемлекеттерде, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде дебат мәселесі өте жақсы жолға қойылған. Саяси науқанның маңызды бөлігі.

Cпикерлер қатаң регламентпен сөз алды. Басты ереже қарсыласқа құрметпен қарау. Содан соң сырғыған секундттар ішінде өз ойын жедел әрі бүкпесіз баяндау. Уақыт тәртібінің сақталуын жүргізушілер мен жоба редакторлары қатаң қадағалады.

Бұл биылғы саяси науқан тарихындағы үшінші теледебат. Алда қорытынды кезең келе жатыр. Оны 24KZ телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. 19 тамыз, сағат 20.00-де төріңізде төларна қосулы болсын.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz