RU
Толық нұсқаға өту

Партиялардың мүшелері аймақтарды толғандырған мәселелерге құлақ түрді

13.08.2026, 21:23 46

Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалды, демек, үгіт-насихат жұмыстары да қыза түсті.

7 партияның өкілдері еліміздің өңір-өңірін аралап, жұртшылықпен кездесу өткізді. Олар қарапайым тұрғындармен қатар еңбек ұжымдарымен жолығып, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Аймақтағы ағайынды толғандырған мәселелерге құлақ түрді.

"Әділет" партиясы тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Жұмыс орындарын көбейту, облыс орталығын дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және бала қауіпсіздігі. «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы облысының тұрғындарымен кездесуде осы тақырыптарды талқылады. Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы дамту, жаңа жұмыс орнын ашу өзекті мәселе. Бизнеске кедергі келтіретін артық әкімшілік рәсімдерді азайтып, салық жүйесін баршаға түсінікті ету де маңызды. Кездесуде қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыру, балаларға білім, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері де сөз болды. 

Айбек Дәдебай, "Әділет" партиясының төрағасы:

Мемлекет басшымыз еліміздің жалпы ішкі өнімін екі есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Қазір мемлекет осы бағытта  өзінің жұмысын белсенді жүргізіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, бізге елімізге келіп жатқан қаншама  сапалы инвесторлар бар. Әлемдік алпауыт компаниялар бар. Олардың барлығы біздің елімізде инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындап отырғаны, мына Алатау қаласының құрылғаны да соған арнайы, ерекше бір жағдай туғызудың бір дәлелі деп тсүінеміз. Бұл тек қана осы өңірде емес, сонымен қатар бүкіл елімізді алға тартады деген үлкен сенім бар. Сол үшін жасалып жатыр.

Respubliсa партиясы өкілдері сайлаушылармен кездесті

Орал қаласында Respublica партиясының өкілдері сайлауалды кездесулер өткізіп, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Партия басшылығы «Кублей» қалбыр зауыты, өрт сөндіру көліктері мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті. Сондай-ақ облыстық кітапханада жастармен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде пікір алмасты. Кездесулердің қорытындысы филармонияда өткен партия жақтастарының форумымен жалғасты. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров экономиканы дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа кәсіпорындар ашу және халықтың табысын арттыру мәселелерін атап өтті. 

Айдарбек Қожаназаров, Respubliсa партиясының төрағасы:

- Экономикалық жағдайымызды жақсарту, кәсіпорындар санын көбейту, жалақыны көбейту, соның арқасында біздің әр қазақстандықтың күнделікті өмірінде көріп жатқан табыс көзін арттыру ол да міндетті түрде тұрмыс  жағдайына үлкен әсер етеді. Өте қарқынды және белсенді талқылау боп жатыр. Екі мекемеде де біздің партияның мүшелері өте көп, біздің партияның белсенділері өте көп. Сондықтан олар бізді өте қуана-қуана қарсы алып жатыр. 

Қазақстан Халық партиясы "Әлеуметтік Қазақстан" форумын өткізді

Астанада Қазақстан Халық партиясы «Әлеуметтік Қазақстан» атты бірінші форум-конгресс өткізді. Шара аясында әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек, экономиканы және жаңа технологияларды дамыту тақырыптары талқыланды.  Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері де сөз болды. Іс-шараға түрлі салаланың өкілдері мен сарапшылар қатысып, өз көзқарастарын ортаға салды. Әлеуметтік мемлекеттің тиімді моделін қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстар да айтылды.

Ислам Сұңқар, Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Біз әртүрлі өңірлерге шығып жатырмыз. Зейнеткерлермен кездесіп жатырмыз, студенттер. Жұмысшы азаматтар басқада адамдармен кездескенде бірінші көтерілетін ол әлеуметтік мәселлелер. Жалақы мөлшері, қауіпсіз еңбек жағдайлары, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ұсыныстарымыз бар. 

"Ақ Жол" партиясы өкілдері еңбек ұжымымен және кәсіпкерлермен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Абай облысында жалғасты. Депутаттыққа кандидаттар Семейде бірқатар кездесу өткізді. Алдымен  «Семей цемент» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Ал өңір кәсіпкерлері және белсенді жастармен өткен бас қосуда жаңа кәсіп ашу, өндірісті дамыту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жайы талқыланды. Жиналғандар партия өкілдеріне көкейдегі мәселелерін жеткізіп, толғандырған сауалдарына сол жерде жауап алды.

Дания Еспаева, "Ақ Жол" демократиялық партиясының төрағасы:

- Қасиетті Абай еліне келіп өндірушілермен, кәсіпкерлермен кездесіп отырмыз.  Бірінші кездесу мына «Семей цемент» ұжымымен кездесу болды. Көптеген мәселелерді талқыладық. Соңғы Парламенттегі қабылданған заңдарды түсіндірдік. Айтылған ұсыныстарды да жазып алдық.  

"Ауыл" партиясы мүшелері жылыжай кешенінің жұмысшыларымен кездесті

Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері елдегі ең ірі жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесті. Жиында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және отандық өндірісті күшейту мәселелері сөз болды. Партия өкілдері жыл бойы өнім өндіруді қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды енгізу және шаруаларды қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді дейді. Басқосуда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелері көтерілді. 

Талғат Айтбаев, "Ауыл" партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Қалыптасып жатқан мекеме болған соң өздеріне жараса проблемалары бар екен. Оны тікелей жасырмастан айтты. Қала маштабында да көтеріліп, шешу мәселесі қарастырылып жатқан проблема. Ең басты нәрсесі энергия көзі. Сол себептен барлығын қабылдадық мәселелердің барлығын. Шешуге әрекет қыламыз. 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы  өкілдері сайлаушылармен кездесті

Батыс Қазақстан облысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесуде аутизм және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға көрсетілетін медициналық көмек пен әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Ата-аналар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірленетінін айтты. Жамбыл облысында партия өкілдері Жаңатас қаласы мен Саудакент, Игілік және Әшір Бүркітбаев ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерде білім, медицина, тұрғын үй және экология мәселелері сөз болды. Партияның сайлауалды штабы өз бағдарламасындағы негізгі бағыттарды таныстырды.

Тұрғындар ауылдағы медициналық қызметтің сапасы, жоғары білімнің қолжетімділігі және әлеуметтік мәселелер жөнінде сұрақтарын қойды. Партия өкілдері ұсыныстарды тыңдап, көтерілген мәселелерді жазып алды.

Еркін Әбдиев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан құрылтай депутаттығына кандидат:

- Ауылды жерлерде еркін түрде медицинаны ала алатын осы әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу, жұмысшылар арасында еңбек бөлінісінің дұрыс болуы жалақының көтерілуі деген сияқты мәселелерді айта кеттік. Ауыл тұрғындарының көңілінен жақсы шығып, сайлауға деген жақсы ізгі ниет тілектерін білдіріп, шығарып салды.

«Байтақ» жасылдар партиясы экологиялық қауіпсіздік мәселесін талқылады

«Байтақ» партиясының кандидаттары «Эколайф Астана» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесуде өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы талқыланды. Партия өкілдері сонымен қатар сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын түсіндіріп, жиналған қауыммен пікір алмасты. Әсіресе қатаң экологиялық стандарттар енгізу, халық денсаулығын қорғау, жасыл экономикаға бет бұрған кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету сынды мәселелерге ерекше назар аурдарылды. Өйткені қоршаған ортаны қорғау - елдің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Сондықтан мұндай өндірістерді ынталандыру заңнамалық деңгейде бекітілуі тиіс" - деді партиялықтар.

Алтай Ордабеков, "Байтақ" жасылдар партиясы атынан құрылтай депутаттығына кандидат:

- «Эколайф Астана» компаниясы медициналық және басқа да қалдықтарды жою, залалсыздандыру бағытында жұмыс істейді. Кездесу барысында экология, қалдықтарды басқару мәселелері бойынша ашық пікір алмасып, ұжымның ұсыныстары мен ой-пікірлерін тыңдадық.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz