Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Алматыда Құрылтай депутаттары сайлауына дайындық барысын тексерді.
Өкілдер Түрксіб ауданындағы сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Негізгі назар сайлау инфрақұрылымының дайындығына, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуына аударылды. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне мән берілді. Сайлау учаскелерінде пандустар, тактильді жолақтар, арнайы көрсеткіштер мен шақыру түймелері қарастырылған. Зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға Брайль қарпі бар арнайы трафареттер мен үлкейткіш лупалар қолжетімді.
Мақсат Жабулаев, №456 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Қазіргі күнде барлық сайлаушыларға шақыру қағазы таратылды. Оның өзі үш этаптан тұратын арнайы бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. Шақыру қағаздарында сайлаушының толықтай аты-жөні жазылған. Сайлау учаскесінің номері жазылған. Және сайлау учаскесінің мекен жайы жазылған. QR кодты өзінің ұялы телефоны арқылы бағыттап, бүкіл ақпаратты ала алады.
Нұрлан Әбдіров Оқушылар сарайында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинарына да қатысты. Оған Алатау, Алмалы және Жетісу аудандарының 242 комиссия мүшесі қатысты. ОСК төрағасы комиссия мүшелеріне сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, учаскелердегі жұмысты дұрыс ұйымдастыру және дауыс беру күні туындайтын түрлі жағдайларға дайын болу қажеттігін атап өтті. Жалпы мегаполисте 670 сайлау учаскесі бар.
Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлау заң қағидаттары негізінде өтуі үшін, әділ, ашық әрі жария түрде болуы үшін, ең алдымен сайлауды тікелей ұйымдастырып отырған, әр деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамындағы 71 мың адамның барлығы оқудан өтуі тиіс. Әр маманның Заңды білуі маңызды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай 2026 #Алматы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz