RU
Толық нұсқаға өту

Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

17.08.2026, 22:02 84

5 күннен кейін дауыс беру басталады. Осыған байланысты партиялардың қала мен ауыл-аудандарды аралауы жалғасып жатыр. 

Саяси бірлестік мүшелері азаматтарға сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр. 

«Әділет» партиясының өкілдері тұрғындармен кездесті 

Петропавл қаласында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға педагогтар, өнеркәсіп және аграрлық сала қызметкерлері, спортшылар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Басқосу барысында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ерлан Сайыр, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Бұл жерде енді ең негізгі мәселе – жұмыс орындары. Сонымен бірге аграрлы облыс болғандықтан, аграрлық саланы дамыта отырып, озық технологияларды әкелу мәселесі. Ең негізгісі әрине, сапалы жұмыс және жастардың жаңа деңгейге шығуы.

 Respublica кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті

 Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетауда еңбек ұжымдарымен кездесті. Ашық форматтағы жүздесуде жұмысшылар тегін медициналық көмек, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін көтерді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнімді сыртқы нарыққа шығаруға қатысты ұсыныстар да талқыланды. Бұдан бөлек, кандидаттар өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

 Олжас Құспеков, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Жастардың жалпы, қай заманда болсын, барлығына ортақ бірқатар мәселелері бар. Олар – грант мәселесі, жатақханамен қамту, жұмыспен қамту, тәжірибеден өту мәселелері. Сонымен қатар олардың алып жатқан білімдерінің заман талабына, еңбек нарығына сай болуы, сұранысқа ие болуы – барлық жастарды мазалайтын сұрақтар.

 ҚХП өкілдері зиялы қауыммен кездесті

Қазақстан халық партиясының өкілдері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор ғимаратында болып, зиялы қауыммен кездесті. Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов қазіргі интеллигенция елдегі саяси өзгерістерді сырттан қадағалап, баға беруші ғана емес, Қазақстанның болашағын қалыптастырушы екенін баса айтты. Академиктер мен тарихшылар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында білім мен ғылымды, мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау жайы сөз болды.

Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Дінмұхаммед Қонаевты
ң осы халыққа қызмет етудің ең парасатты, ең қарапайым, ең ұтымды жолымен танысуға келіп, осы үлкен ақсақалдардың батасын да алып және алдағы саясатқа бір үлгі ретінде қабылдап кетті деп ойлаймын.

«Ақ Жол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

 «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Атырау қаласында жалғасып жатыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңірдегі вагон құрастыратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Одан кейін банк қызметкерлері, кәсіпкерлермен де жүздесті. Ал «Атырау Жарық» және «Каспиймұнайгаз» ұжымымен өткен жиында еңбек адамының мәртебесі, әлеуметтік қолдау, өндіріс қауіпсіздігі мәселелері көтерілді.

 Дания Еспаева, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

-  Қазіргі несиенің бағасы 20-25 пайыз. Осындай бағамен өндіріс ашу өте қиын. Екіншіден, жыл сайын мына ережелер өзгереді. Ал енді кәсіпкерге ең бірінші не керек? Осындай ережелер тұрақты болу керек.

 «Таза Ауыл» экологиялық акциясы өтті

Оралда «Ауыл» партиясының белсенді мүшелері «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Жастар қала іргесіндегі көрікті аумақты күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандырды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық адам атсалысты. Олардың қатарында «Auyl Jastary» жастар қанатының өкілдері, еріктілер, қала тұрындары бар. Акция елді мекендерді көркейтуге, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

 Алшын Жолдығали, «Ауыл» партиясының мүшесі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы, идеясы бойынша жасалған «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, осы жерде тұрғындардан қалған қоқыс қалдықтарын жинадық. Қала тұрғындарына осындай демалыс орындарында демалғаннан кейін артынан жинап, таза ұстаса деген ойым бар.

Baytaq жасылдар партиясының мүшелері халықпен кездесті

«Baytaq» жасылдар партиясының өкілдері Алматы-2 вокзалында теміржол саласының қызметкерлері үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында саяси бірлестіктің негізгі бастамалары таныстырылды. Қатысушылармен бірге Алматының ауасы, тұрақты көлік жүйесі, қала инфрақұрылымы және халықтың өмір сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Ал Шымкент қаласында партия өкілдері автобөлшектер базарының қызметкерлерімен әңгімелесті. Ашық диалог форматында өткен жиында жасылдар партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Ордабеков саяси ұйымның сайлауалды платформасының басым бағыттарын таныстырды. Тұрғындар тарапы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс, пікірлерін жеткізді.

Айдос Ордабеков, Baytaq жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
-
«Baytaq» партиясының бағыттары бойынша халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Халықтың ортасында жүрміз. Депутат деген – ол мандат емес, біз халықпен бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Халықтың үнін біз жоғарыға жеткізуіміз керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz