RU
Толық нұсқаға өту

Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына санаулы күндер қалды

19.08.2026, 13:15 39

3 күннен кейін дауыс беру басталады. Осыған байланысты партиялардың қала мен ауыл-аудандарды аралауы жалғасып жатыр. Саяси бірлестік мүшелері азаматтарға сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр.

Respublica кандидаттары жастармен кездесті

Петропавл қаласында RESPUBLICA партиясының мүшелері өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналғандардың сұрағына жауап берді. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, тың бизнес идеяларды жүзеге асыру, экономикалық өсім, жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері қаладағы ірі кәсіпорындарды аралап, қарапайым жұмысшылармен жүздесті. Өндіріс басында еңбек қарым қатынастары, тегін медициналық көмек алу және халықты әлеуметтік қорғау сұрақтары қаузалды. 

Нұргүл Тау, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттағына кандидат:

- Халықтың ішіне барған кезде қандай проблеманың қордаланып қалғанын түсінесіз. Көбінесе мысалы, зейнетақыға қатысты сұрақтар болып жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтауға қатысты сұрақтар көп болды.

ҚХП мүшелері жұмысшылармен кездесті

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қарапайым жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Еңбеккерлер өздерін толғандыратын мәселелерге байланысты ұсыныстарын айтты. Диалогқа ерекше балалардың ата-аналары республикалық одағы мен Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері де қосылды. Форум флешмобпен аяқталды.

Дамир Дигай, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Бұл ұжымда 6 мыңдай қарапайым жұмысшы бар. Олар Қазақстанда өндірілген отандық брендті әлемдік нарыққа шығаруға бар күш-жігерін салып жатыр. Жұмысшылар әлеуметтік даму мәселесін қызу қолдайды және болашақта міндетті түрде үлкен жетістікке жетеміз деген сенімде. Өйткені біздің сайлауалды науқанымыз да, күнделікті жұмысымыз да еңбек адамының айналасында құрылады.

Кандидаттар еңбек ұжымдарымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер Астанадағы 3 автобус паркінің ұжымымен кездесті. Жиында кандидаттар саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қатысушылармен тұрғын үй саясаты мен жас отбасыларды қолдау, шағын және орта бизнеске жағдай жасау мәселесін талқылады. Автопарк қызметкерлері қаржылық сауаттылықты арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойды.

Берік Дүйсенбинов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Сапалы жолаушы тасымалымен қамтамасыз ету – Астананың ажырамас бір бөлігі. Осы қызметті қамтамасыз етіп отырған азаматтардың көңіл-күйін, жағдайларын, қандай өтініштері бар екенін, азаматтардың жағдайымен танысып, өзіміздің үгіт-насихатымызды жасап келдік бүгін. Елді алаңдатып отырған – бүгінгі күнкөріс қамы, қымбатшылық, тұрғын үй мәселесі.

Кандидаттар шаруалармен кездесті

«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Ақмола облысының Сандықтау ауданында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар Приозерное ауылындағы жылқы және қара мал өсіріп, егін егумен айналысатын ірі шаруашылық ұжымымен жүздесті. Кездесуде ауыл тұрмысының сапасын арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауылдықтарды толғандырған сұрақтарына жауап берді.

 Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Халықтың мәселесі – әлеуметтік жағынан маңызды мәселе. Көптеген ауылда мектептер жабылып жатыр. Ол неліктен? Себебі адам көшіп кетіп, бала саны жетпейді.

 «Байтақ» партиясының мүшелері индустриялық аймақ өкілдерімен кездесті

Бүгін «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы индустриялық аймағында өнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Оған партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алма Қараш қатысты. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, Алматы қаласының өзекті экологиялық мәселелері талқыланды. Ауа сапасы, қаланы көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық қауіпсіздік және қолайлы ортаны қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар кандидатқа өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Түйткіл түйінін шешуді қажет ететін экологиялық мәселелерді ортаға салды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.

Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

- Әрине кәсіпкерді де коммуникациялар, жайлылық мәселесі алаңдатады. Мысалы, индустриялық аймақта су тапшылығы өзекті. Бұл түйткіл қазір шешіліп жатыр. Жақын арада жағдай оңалады деп үміттенеміз. Сондықтан бизнеске назар аударып, онымен жұмыс істеу керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz