RU
Толық нұсқаға өту

Басты дебат алдындағы атмосфера

19.08.2026, 19:47 31

Назарымызды Басты теледебат өтетін алаңға бұрсақ.

Дәл қазір Қазмедиа орталығында жеті саяси партияның көшбасшылары бас қосатын студияда соңғы дайындық жүріп жатыр. Бірер сәттен кейін осы жерде саяси партия жетекшілері елдің экономикалық дамуы мен қоғамның әл-ауқатына қатысты өз көзқарастарын ортаға салады.

Дебат өтетін алаңдағы көңіл-күй қандай?

- Өздеріңіз көріп тұрғандай бүгін Қазмедиа орталығының іші лық толы. Мұндағы атмосфераны, көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу қиын. Менің жанымда тұрған мына жақтастардың қолдауының, қиқуының қасында стадиондағы футбол фанаттары жолда қалар ма дерсіз. Әр жақтас өз партияларының суреті мен жазуы жазылған киімдерді киіп, жалауларын желбіретіп жүр. Нақты мына партияның қолдауы ерек, немесе мына партияның қолдаушылары көп деп айту мүмкін емес. Бәрі бір-бірінен асып түседі. 

Биылғы жылдың ең басты саяси додасының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Осыған дейін жеті партия өңір-өңірді, ауыл-аймақты аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үш телеарнада партиялардың пікірсайысы өтті. Ал қазір сәлден соң басталатын сөз жарыстың жөні бөлек. Ең басты әрі шешуі пікірсайысқа жеті партияның көшбасшылары қатысады.  Еліміздің ең басты ақпараттық арнасы «24KZ» -те дебатты тікелей эфирде көре аласыз. Санаулы сәттерден соң сіз бен бізді тартысқа толы төрт раундтан тұратын сөз жарыс күтіп тұр. Алғашқы кезеңде  партия төрағалары өз партиясын 2 жарым минут ішінде таныстырып, сайлауалды бағдарламасының басты ұстанымдарын баяндайды. Екінші раундта партиялар бір-біріне бір минутқа сыйғызып сұрақ қояды. Сол сауалға 2 минуттың ішінде жауап беруі тиіс. Үшінші раунд. Партия төрағалары сайлаушылардың сұрағына жауап береді. Мұнда да регламент екі минут. Және соңғы төртінші раундта саяси ұйым төрағалары 23 тамызда болатын Құрылтай сайлауында сайлаушылар неге дәл сол партияға дауыс беру керек екенін айтады.

Ал осы пікірсайыстағы заң талаптары, регламенттің сақталуын комиссия мүшелері бақылайды. Ереже бұзғандарға ескерту беріледі.

Басты дебат барысында «24KZ» арнасының байланыс орталықтары жұмыс істеп тұр. Қазақстанның барлық облысынан бөлек, шетелдегі Қазақстан азаматтары да өз сауалын қояды. Құрметті көрермен, «Хабар» агенттігінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында, сонымен қатар «Хабар» және «24KZ» телеарналарының экранында арнайы QR-код көрсетілген. Осы QR-код арқылы партия өкілдеріне өзіңізді толғандырған сұрақты жолдай аласыз. Тек сұрақ жолдағанда өз аты-жөніңізді және сұрақтың қай партияға бағытталғанын нақты көрсетуді сұраймыз. Сіз қойған сұраққа партия төрағалары тікелей эфирде жауап береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz