Ертең – Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Екі күннен кейін дауыс беру басталады.
Осыған байланысты партиялар бір ай ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылап, алқалы жиындар мен форумдарын өткізіп жатыр. Саяси бірлестік мүшелері партия қолдаушыларымен кездесіп, 23 тамызда өтетін дауыс беру науқанына қатысуға шақырып жатыр.
«Әділет» партиясының форумы өтті
Бас қалада «Әділет» партиясы жақтастарының бас қосуымен форум өтті. Оған 2 мыңнан аса адам жиналды. Жиында «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының атқарып жатқан жұмысы сараланды. Штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған мақсаттар мен бағыттар бойынша ойларын ортаға салды. Еске сала кетейік, «Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына 186 кандидат ұсынды.
Динара Сәдуақасова, «Әділет» партиясының мүшесі:
- Кандидаттарымыз партияның бағыттары бойынша сайлауалды бағдарламада не жазылғанымен бөлісіп жатыр. Жалпы өңірлерге қалай барып келді, адамдармен кездескен кезде қандай мәселелер қозғалды сол бойынша айтып жатыр. Соған нәтиже ретінде бүгінгі форум өткізіліп жатыр.
Respublica партиясы қолдаушыларының форумы өтті
Астанада Respublica партиясы қолдаушыларының форумы өтті. Саяси бірлестік төрағасы Айдарбек Қожаназаров елордалық жас белсенділермен кездесті. Ашық әңгімеде жастар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, болашақ, мамандық таңдау, өзін-өзі дамыту және қоғамдық-саяси өмірге араласу туралы сауалдарын қойды. Жастардың бірі саясаттан алыс қатарластарын қоғамдық іске қалай тартуға болатынын сұраса, бірі саясатқа енді қадам басқан жастарға қандай кеңес берерін білгісі келді.
Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
- Ең бастысы біз кандидаттармен 20 өңірді аралап шықтық. Елдің түкпір-түкпіріне барып келдік. Аудандарды аралап, халықпен кездестік. Бүгін азаннан бері біз бірқатар кәсіпорындарға бардық. Солардың көбі біздің партияластарымыз.
ҚХП сайлауалды кездесуі
Павлодарда Қазақстан Халық партиясының жақтастары мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар жоғары оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Жиында әлеуметтік сала мен ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар әлеуметтік баспана сапасы, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы көтерілді. Қатысушылардың айтуынша, кейбір елді мекендерде дүкен мен дәріхананың, сапалы интернет пен жолдың болмауы тұрғындардың қолайлы жағдай іздеп, басқа жерлерге қоныс аударуына себеп болып отыр.
Әлімбек Ағыбаев, ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы:
- Елді мекендерді дамытуға қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру – назар аударуды қажет ететін негізгі бағыттардың бірі. Бұл мәселелерді шешу үшін ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту маңызды.
Кандидаттар еңбек ұжымымен кездесті
Шымкентте «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері алюминий банкалар мен қақпақ шығаратын өндіріс орнына барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар заманауи автоматтандырылған желілердің жұмысын көріп, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Кейін еңбек ұжымымен кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті дамыту және жұмыс орындарын сақтау мәселелері талқыланды. Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ұжым мүшелерінің сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
- Әрине несиелері бар. Соның бірінші сұрағы осы несиені арзандату сонымен қатар баспана алу. Заң ретінде кіргізіп, осындай қарапайым халыққа баспана алуды қолжетімді ету біздің міндетіміз деп ойлаймын.
Кандидаттар орманшылармен кездесті
«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Абай облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, жергілікті тұрғындардың еңбегі және табиғи ресурстарды қорғау мәселелері сөз болды. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жұмысшыларымен кездесуде орман шаруашылығындағы өзекті мәселелерге назар аударылды. Қарағайлы орманды қалпына келтіру, жасыл алқапты қорғау мен ұлғайту үшін атқарылатын жұмыстар талқыланды. Орман шаруашылығында еңбек ететін мамандардың еңбекақысы мен кәсіби маман тапшылығын шешу жайы айтылды.
Жигули Дайрабаев, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- «Қаладан-ауылға» деген облыс әкімшілігі ұйымдастырған бағдарламаны, осының бәрін зерделедім. Абай облысы соңғы төрт жылдың өзінде құрылыс саласында, ауыл шаруашылығы саласында, әлеуметтік салада — осының бәрінде жергілікті тұрғындардың атқарып жатқан жұмыстары бар.
ЖСДП әйелдер форумын өткізді
Ақтөбеде әйелдер форумы өтті. Қоғамдық өмірге белсенді аталысып жүрген қыз-келіншектер жиынын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұйымдастырды. Ашық форматтағы кездесуде әйелдер көшбасшылығы, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілік, мемлекеттік басқару ісіне етене араласуы сөз болды. Шараға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар, бизнес саласы, қоғамдық бірлестік өкілдері мен студенттер қатысты.
Ажар Сағандықова, ЖСДП әйелдер қанаты жетекшісі:
- Қазақстанда бес мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 89%-ын әйелдер басқарады. Бұл – азаматтық қоғамның мәселелерін шешіп, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген белсенді әйелдер. Сондықтан кез келген әйел өзінің көзқарасы ескерілетінін біліп, Қазақстанның дамуына белсенді үлес қосуы.
Тегтер #құрылтай 2026 #сайлау #үгіт насихатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz