RU
Толық нұсқаға өту

Қ. Тоқаев: Әр адамның дауысы маңызды

21.08.2026, 21:00 52

Тағдыр шешті сәтте әр адамның дауысы маңызды. Президент Құрылтай сайлауының қарсаңында қазақстандықтарға жасаған үндеуінде осылай деді. 

Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру жолында атқарылған жұмыстарды, жүргізілген реформаларды тілге тиек етті. Сонымен қатар азаматтарды еліміздің тағдырына шынайы жанашырлық танытуға шақырды.

Президенттің бұл жолғы үндеуі алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауына арналды. Бұл науқанды «Ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға», – деп бағалады Мемлекет басшысы. Сондай-ақ елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, Әділетті Қазақстанды құру ісіне, күшіне енген жаңа Халық Конституциясына тоқталды. Алдағы сайлаудың халық игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды.  Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

Тоқаев: Ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға

Президент: Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан, – деді. Сондай-ақ қоғамдық пікірталасқа жастар, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлердің белсенді қатысқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз. Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Президент: Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін бетбұрысты сәт болады

Қазіргі геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен алмағайып заманда Қазақстан алған бағытынан таймауы керек. Президент осылай деді. Себебі біз әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз. Құрметті отандастар, еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ.

Мемлекет басшысы: Келісіп пішкен тон келте болмас

Сайлауға қатысу - халықтың ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту. Ел болашағына қатысты маңызды шешімді халық болып қабылдау деген сөз. Осы орайда Президент «Келісіп пішкен тон келте болмайтынын» ескертіп, ааматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға шақырды.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz