Ертең тыныштық күні. Осы орайда орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қарсаңында және дауыс беру күні сақталуы тиіс негізгі ережелерді атады.
22 және 23 тамызда үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұған дейін ғаламторға жүктелген материалдарға еш қарсылық жоқ. Тек қайта жариялауға немесе интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға шектеу бар екенін қаперге алған дұрыс. Сондай-ақ сайлаушыларды смартфонға қатысты да сақтандырды. Егер учаскеде естелік үшін суретке немесе видеоға түссе кедергі жоқ. Бастысы қай партияға дауыс бергені көрінбеуі тиіс. Тоқ етері, белгі салынған бюллетенді таспалауға және таратуға болмайды.
Ләззат Сүйіндік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеулер белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді. Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.
Құрылтай депутаттарының сайлауы белгіленген күннен бастап орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш түскен. Оның 129-ы сайлау заңнамасын түсіндіруге және 62-сі сайлау барысын ұйымдастыруға қатысты.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлауға дайындық бойынша негізгі ұйымдастырушылық және практикалық жұмыстардың дайын екенін атап өткім келеді. Жалпы аумақтық сайлау комиссияларының ақпаратына сәйкес республикадағы барлық сайлау учаскелері дауыс беру күніне дайын.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай 2026 #тыныштық күніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz