Маңызды саяси науқан аясында Шымкент қаласындағы 365 сайлау учаскесі тұрғындарды қабылдап жатыр.
Шаһарда дауыс беруге құқылы 710 мыңға жуық адам бар және олар таңнан бері өз таңдауын жасауға лек-легімен ағылуда. Қарапайым еңбек адамдарымен қатар, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен мәдениет өкілдері де алғашқылардың бірі болып азаматтық белсенділігін танытты.
Бұл саяси науқанда нағыз мерекелік атмосфера сезілді. Тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. Ел болашағы үшін маңызды сәтте ешкім де бейжай қалған жоқ. Біз қазір жоғары оқу орнының ғимаратында орналасқан №101 сайлау учаскесінде тұрмыз.
Учаскеге келушілер ел үшін маңызды шешімдер азаматтардың белсенді қатысуымен қабылдануы тиіс деп санайды. Сондықтан ұл-қызын ерткен ата-аналар да, жасы егде тартқан қарттар да немерелерін ертіп, бұл науқанға біркісідей қатысып жатыр. Тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында әжелер ансамблі өнер көрсетіп, дулыға мен сауыт-сайман асынған қазақ батырларының бейнесіндегі өнерпаздар да көпшіліктің ұлттық рухын асқақтатты. Жалпы өңір халқының 54,2% дауыс беру құқығына ие.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бұл жолы сайлаушылар саны өткен науқанмен салыстырғанда 14 мың 632 адамға артқан. Олардың көңіл-күйі мен көзқарасын алдын ала жазып алған едік.
Роза Әлібекқызы, қала тұрғыны:
- Салтын сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, келе жатқан ұрпақтарға әженің әңгімесін, бесік жырын дәріптеп жүрген жайымыз бар. Құрылтайдың алғашқы сайлаушысы ретінде өзімізді мақтан етеміз. Өйткені бұл деген тарихи кезең.
Мұхтар Төлеген, М. Әуезов атындағы ОҚЗУ ректоры:
- Бірінші рет жаңа Конституциямыз бойынша бір палаталы Құрылтайға дауыс беруге келдік. Біздің әрқайсымыздың даусымыз өте маңызды. Өйткені еліміздің, Қазақстанның болашағы. Менің ойымша, Қазақстан халқы жауапкершілікті сезінеді. Олар өзінің болашағына бейжай қарай алмайды. Ой-пікірін, саяси көзқарасын көрсетіп отыр.
Байқағанымыздай, қала жұртшылығы қай кезде де жоғары білсенділік танытып келеді. Бүгін жолаушылар үшін қоғамдық автобустар тегін қатынайтынын айта өткен жөн. Әлі 20:00 ге дейін қалған сайлаушылар да өз таңдауын жасап үлгереді деп сенеміз.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай 2026 #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz