Вице-президент кім екені он күн ішінде мәлім болады. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауында бұқараның ойын саң-саққа жүгіртіп жүрген сауалға осылай деп жауап берді. Президент Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру, елді үлкен құрылыс алаңына айналдыру сынды ілкімді істерге тоқталды. Сондай-ақ ол Құрылтай сайлауына үлкен үміт артатынын айтты.
Бұл жексенбі бұрынғыдан өзгерек. Елде жаңа Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Жаңа кезеңге жол ашатын бұл күні дауыс беру учаскелеріндегі жұмыс қауырт. Шен таққан шекпенді де, бұқара сенген белсенді де осында. Тәуелсіздік сарайындағы №520 сайлау учаскесіне Мемлекет басшысы да тіркелген. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, елмен қатар таңдау жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беріп жатыр. Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту. Құрылтай сайлауының алдында Президент осылай деп үндеу жасаған болатын.
Гүлзамира Жұмақаева, №520 учаскелік сайлау комиссия төрағасының орынбасары:
- Бүгін Мемлекет басшысына бюллетень беру маған бұйырыпты. Бұл жауапты сәтте толқыныс болу – табиғи нәрсе. Бірақ эмоцияға берілмей, өз міндетімді кәсіби түрде орындау маңызды деп санаймын.
Артынша Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, халық көкейіндегі маңызды сауалдарға жауап берді. Соның бірі вице-президент лауазымына қатысты болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұрттың бәрі Вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады.
Президенттің 2029 жылғы сайлауға қатысу-қатыспау жоспары да сұралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын.
Қырмызы Жандос, «Еуразия бірінші» телеарнасының тілшісі:
- Сайлау науқанын жіті бақылаған боларсыз. Осы жолғы партиялар арасындағы саяси бәсекенің деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.
Қортындылай келе Президент Құрылтай сайлауына үлкен үміт артатынын айтты. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек деді.
Сайлау тағдырын шешуші алтын таразы – халықтың қолында. Әр берілген дауыс Құрылтай құрамын бекіте түседі. Дұрыс таңдау жасау – дұрыс заңдардың қабылдануына кепіл. Сондықтан бюллетеньге түртілген белгі ел бедері мен беделіне тікелей әсер ететінін білген дұрыс.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #құрылтай 2026 #вице президент #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz