RU
Толық нұсқаға өту

Партия төрағалары дауыс берді

23.08.2026, 15:15 34

Ел тарихындағы тағдыршешті саяси додада 7 партия жетекшілері де өз таңдауын жасады.

Құрылтай сайлауында дауыс берген партия төрағалары азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға өз үлестерін қосты.

Ала таңнан еліміздің әр өңіріндегі сайлау учаскелері дауыс берушілерді үзіксіз қабылдап жатыр. Бұдан азаматтардың өз таңдауын жасап, елдің саяси өміріндегі маңызды науқанға белсенді қатысқанын аңғаруға болады. Құрылтай сайлауында «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай да дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдірді. Ол азаматтардың сайлауға қатысуы және азаматтық жауапкершілік танытуы аса маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар  Құрылтай сайлауында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы да дауыс берді. Астанадағы №332 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған партия төрағасы Асхат Рахымжанов азаматтардың сайлауға қатысуы аса маңызды екенін айтты.

Асхат Рахымжанов, ЖСДП партиясының төрағасы:

- Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Құрылтай сайлауында мен де өзімнің таңдауымды жасадым. Жалпы дауыс беру әр адамның азаматтық парызы деп білемін. Сайлау учаскесіне адамдардың белсенді келіп жатқанын байқадым. Бұл халықтың елдегі саяси жағдайға жауапкершілікпен қарап жатқанын көрсетеді.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев саяси науқан барысында  өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесінде сөз алған ол бүгінгі күннің ел тарихындағы маңызына тоқталып өтті. 

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» партиясының төрағасы:

- Бүгін міне, елімізде үлкен тарихи оқиға – Құрылтай сайлауы. Құрылтай сөзінің өзі Қазақстан халқы үшін ерекше сөз. Сондықтан еліміз үшін тарихи әділдік орнап жатыр. Біз үшін маңызды. Заң шығарушы биліктің осындай ұлттық тарихи сөзімізді әкеп үлкен қадам жасап жатқаны қазақ елі үшін өте маңыз.

Қазақстан Халық партиясының  төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол елдегі азаматтардың белсенділігіне ризашылық білдіріп, бұл дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Нұрсұлтан Шоқанов, Қазақстан Халық партиясының төрағасы:

- Бүгін мейрам сияқты сезіліп тұр. Ел үшін маңызды сәт. Бүгін барлық қазақстандық үшін жеңісті күн болады деп ойлаймын. Өйткені мұндай тарихи күннің куәсі болу кез келген адам үшін үлкен мәртебе. Құрылтай сайлауының өтуі, оған дайындық, дебаттар, бұлардың бәрі тамаша өтті. Біз шетелдік делегациямен кездестік. Олар Қазақстан нағыз демократияның үлгісін көрсетті, бәрі ашық жүріп жатыр деп отыр.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Құрылтай сайлауында дауыс берді. Ол № 83 учаскеде өз таңдауын жасады. 

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

- Бүгін азаматтық борышымды орындадым. Бұл сайлау бізге елімізге өте маңызды. Тарихи сәт деп айтуға болады. Өйткені бірінші рет Құрылтай құрылдып жатыр.

Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай сайлауында дауыс беріп, бүгінгі күнді ел тарихындағы маңызды кезең деп атады. 

Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Бүгін қазақ елі үшін үлкен мереке деп ойлаймын. Тарихымызда алғаш рет Құрылтайға сайлау өтіп жатыр. Халқымыз өзінің белсенділігін көрсетіп, сайлауға келіп, өз таңдауын жасайды. 

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров елордадағы №256 сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Саяси бірлестік басшысы бүгінгі науқанның өзі тарихи сәт екенін алға тартты.

Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:

- Өте маңызды күн. Тарихи сәт. Біздің Президентіміздің жаңа қабылдаған Конституциясының бірінші қадамы, бірінші тәй-тәйі бүгінгі күннен басталады. Сондықтан менің ойымша, біз барлығымыз жұмылып, өз таңдауымызды жасауымыз маңызды. Азаматтарымызға, партияластарымызға айтарым, әр адам бүгінгі күннің тарихи маңыздылығын түсінуі керек.

Сайлау учаскелеріндегі қарбалас пен саяси белсенділік науқанның маңызын айшықтай түсті. Дауыс берушілер Құрылтай сайлауын - Қазақстанның жаңа саяси кезеңіне бастау беретін тарихи күн деп бағалады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аманжол Байғазин 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz