Бүгін елде болып жатқан Құрылтай сайлауына қазақстандықтар ғана емес, шетелдегі отандастарымыз да белсенді қатысып жатыр. Сондай-ақ денсаулығы сыр берген және оларға күтім жасайтын жандарға сайлау учаскесіне бармай-ақ, үйде дауыс беруге жағдай жасалған. Осы мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Қойшығара Салғараұлы.
Қойшығара Салғараұлы – сан саланың саңлағы. Жазушы, тарихшы-этнограф. Қарымды қаламгер биыл 87 жаста. Осыған дейін ел болашағы үшін өткен саяси науқандардан қалыс қалмаған ол, бұл жолы да сол әдетінен жаңылған жоқ. Денсаулығына байланысты Астана қаласы әкімдігіне өтінім білдіріп, үйінде отырып таңдауын жасады.
Қойшығара Салғараұлы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Әркім өзі үміт еткен, халқымыздың армандап отырған арманына жеткізетін алдыңғы қатарлы елдердің арманына қосылсақ екен, ұрпағымыз заманына сай білік, білімді азамат болып өссе екен тілекпен барп дауыс беріп жатыр. Бәрі сәтімен болсын. Менің денсаулығымды ескеріп, менің дауысымды алып жатқандарыңыз менің де ауырып жатқаныма ем сияқты. Рақмет айналайындар.
Бүгінгі науқанда сайлаушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Еліміздің ауыл-аймақтары, тіпті шет мемлекеттерде сайлау уческелері жұмыс істеп тұр. Ал денсаулығы сыр берген және оған күтім жасайтын азаматтар үйде отырып дауыс бере алады.
Мамыр Қасымов, Астана қаласы Алматы ауданы №15 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі:
- Егер денсаулығына, жағдайларға қатысты дауыс бере алмайтындар телефон арқылы болса да, басқа туыстары арқылы болса да сайлау учаскесіне өтініш беруге болады. Сол арқылы сайлау көшпелі жәшігін алып, сол кісілердің берген өтініші бойынша тұрғылықты мекен-жайына барып, дауысын жинаймыз.
Еске салсақ, бүгінгі Құрылтай сайлауына 18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы қатыса алады. Сайлаушылардың жалпы саны - 12 605 788. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-ден бастап 20:00-ге дейін жалғасады. Егер арнайы сайлау учаскелерінде тізімге енгізілген азаматтардың барлығы таңдау жасаса, учаскелік комиссия дауыс беруді белгіленген уақыттан ертерек аяқтай алады.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Аманжол Байғазы
Тегтер #құрылтай 2026 #сайлаушылар #дауыс беруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz