RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та құрылтай сайлауы басталды

23.08.2026, 23:08 39

АҚШ пен Қазақстан арасындағы уақыт айырмашылығына байланысты Америкада дауыс беру енді басталды.  

Вашингтондағы учаскеге осы уақытта алғашқы сайлаушылар легі келіп жатыр. Дауыс беру қалай өтуде және азаматтар бұл саяси науқаннан не күтеді? 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Біз қазір Вашингтондағы Қазақстан елшілігінде орналасқан 413 сайлау учаскесіндеміз. Сыртында Алтын адам мүсіні бар қызыл қоңыр түсті ғимарат АҚШ астанасындағы тарихи орындардың бірі саналады. Мұнда 27-вице президент Джеймс Шерман өткен ғасырдың басында тұрған. Сонымен қатар бүгін дәл осы жерде дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде басталып, кешкі сегізге дейін жалғасады. Бұл Астана уақытымен таңғы беске дейін деген сөз. Сайлауға АҚШ аумағында уақытша немесе тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары қатысып жатыр. Біз өз таңдауын жасаған отандастарымыздың кейбірімен сұхбаттасқан едік. 

Ақжол Мәліков, Қазақстан азаматы:

- Негізі биылғы сайлау науқаны басқалардан қызығырақ болды. Партиялар саны өзгермесе де, медиадағы көріністері өзгерді, жаңадан адамдар қосылды. Мысалы, біздің жасымыздағы жастар, әйелдер, басқа да топтардан адамдар қосылды. Сөйтіп, сайлау көбірек алқыға алған сияқты болды.

Жазира Жансейітова, Мичиган Штатынан келген «Болашақ» стипендиаты:

- Бүгінгі өтіп жатқан сайлау өте маңызды. Бұл өзгерістердің еліміздің болашағы үшін оң нәтиже беретініне сенемін. Сондай-ақ өзімнің таңдауымды жасадым. Әрбір азамат өзінің азаматтық борышын өтеп, бүгінгі сайлауға қатысты. Әр азамат өзінің мемлекеті үшін үлес қосып, оң нәтиже беретініне сенім білдіріп отыр деп ойлаймын. Құрылтайға сайланып жатқан жеті партиямыз, отыратын 145 мандат депутаттарымыз, сол ел үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Мәдина Сәдуақасова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

- Енді Қазақстанда өте маңызды шара өтіп жатыр. Ол - Құрылтай. Әрине біз Қазақстан азаматы болғандықтан, міндетті түрде қай жерде жүрсек те, әлемнің қай жерінде жүрсек те, өзіміздің азаматтық борышымызды орындауымыз керек. Сондықтан біз бүгін Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында орналасқан Қазақстанның бас консулдығына келіп, өзіміздің азаматтық борышымызды орындап дауыс бердік.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- АҚШ-та Қазақстан азаматтары үш қалада дауыс бере алады. Нью-Йорктегі учаске Вашингтонмен бір уақытта ашылды. Ал Сан-Францискодағы сайлау учаскесі уақыт белдеулерінің айырмашылығына байланысты жұмысын бірнеше сағаттан кейін бастады. Ол Құрылтай сайлауында шетелде ең соңғы жабылатын учаскелердің бірі болады. Қажетті мекенжайлар мен дауыс беру тәртібі Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі және бас консулдықтарының ресми ресурстарында жарияланған. 

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шэнь

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz